Қостанайлық қос зергер робот жасап
шығарды. Олар туындыға ауыл шаруашылық
техникаларының ескі бөлшектерін пайдаланған. Қолөнер шеберлері алып құлтемірді
үш ай бойы құрастырған. Темірден түйін түйген әкелі-балалы ұсталардың алдағы
уақытта көрме ұйымдастыру жоспары да бар.
Қостанайлық қолөнер шеберлері жасаған «Алып адамның» биіктігі 3 метр, ал салмағы 2 тоннаға
жуық. Шойын туындыны құрастырып шығару үшін олар
көбінесе, ауыл шаруашылық техникасының қосалқы бөлшектерін қолданған.
Әкелі-балалы Сабыр мен Марлен әуелі қаладағы темір қабылдау
бекеттерін аралап, өздеріне қажет бөлшектер іздеген. Қажетті тетіктер түгел
табылған соң құрастыруға кіріседі. Шойын адамды жасап шығару үшін жүз мың
теңгеден астам қаражатымыз кетті дейді, - шеберлер.
Марлен Шетлер, зергер:
Алып мүсін біздің қиялымыздан туындады. Оны ешқайдан көшіріп алған жоқпыз. Бұл
туындының өзіне тән мінезі бар. Қолындағы қаруына қарамастан, батыл, әрі
мейірімді кейіпкер ретінде көрсетуге тырыстық.
Қостанайлық ұсталар темір мүсін құрастыруды
екі жыл бұрын қолға алған. Осы уақытқа дейін
бес туынды жасапты. Зергерлердің кейбір темір түйіндері қала орталығы мен
саябақтарға қойылған.
Сабыр Әбдікәрімов, зергер:
Біздің мақсат - ақша табу емес. Тек көрме ұйымдастыру үшін жасап жатырмыз. Мүмкін болса, EXPO-ға шығарамыз деп, сол.
Қолы шебер қос ұста темір туындыларды
тағы жасаймыз деп отыр. Өйткені, темірден түйін
түю олар үшін - қиын емес. Бұл жұмыс құрал-жабдықты да көп қажет етпейді. Тек
дәнекерлеуші аппарат пен темір қиғыш болса жеткілікті.
Заңғар САНАЙ