Бүгін Атырауда өңіраралық
әріптестіктің 11-ші форумы басталды. Қазақстан мен Ресей елдері басшыларының
қатысуымен өтетін жиын «Көмірсутек саласындағы инновация» тақырыбына арналмақ.
Аймақ халықаралық шараға ерекше
дайындалды. Аз уақытта Салтанат сарайы мен
көрме залы бой көтерді. Жолдар мен жол жиектері жаңартылды. Қонақтарды тасу
үшін отандық жаңа көліктер сатып алынды. Тіпті мәртебелі меймандар, жүретін көшелердің сәнсіз келбеттері, бітпеген
құрылыстардың барлығы жабылып, көлегейленді. Жергілікті билік форум алдында
қоғамдық көліктердің кондукторлары мен жүргізушілерінің киімдерін де жаңарту
туралы шешім қабылдапты. Көйлек, жилет пен галстуктан өзге «Қазақстан және
Ресей аймақаралық 11-форумы» деп жазылған төсбелгілер таратылды. Әзірге 50 дана
киім орталық көшенің қоғамдық көлік қызметкерлеріне ғана берілді.
Бүгін форумның алғашқы күні. Көшелерде қауіпсіздік шарасы
күшейген. Әр қадам сайын полицейлер тізіліп тұр. Таңертең
сағат онда «Көрме» орталығында «Көмірсутек саласындағы
инновация» тақырыбындағы халықаралық көрмеде форум салтанатты түрде ашылады.
Кейін қос елдің сауда-өнеркәсіп палаталары іскерлік кеңесінде қазақстандық өнімді
Ресей аймақтарындағы нарыққа экспорттау, экпорттаушы ірі кәсіпорындардың
тізімін жасақтау сияқты тақырыптарды талқылайды. Ал қос ел президенттері форум
жұмысына ертең, 30-қыркүйекте қосылады.
Базаркүл ІЗІМОВА