«Бірінші сынып оқушыларының
ата-аналарына психологиялық көмек» атты конференцияны көрермен мен оқырманға
жақсы жеткізе білген, БАҚ өкілдері арасында өткен Республикалық конкурс
қорытындыланды. Байқауды - Отбасылық Тәрбие
Институты ұйымдастырған болатын. «Астана» телеарнасының тілшісі, әріптесіміз Жұрағат Баман «үздік
телесюжет» номинациясы бойынша екінші орынды жеңіп алды.
Конференция 2014-жылдың
14-қыркүйегінде бір уақытта Қазақстанның 270 мектебінде өткен болатын.
Отбасылық Тәрбие Институты бүкіл
Қазақстан бойынша балалары биылғы жылы алғаш мектеп табалдырығын аттаған 150
мыңнан аса ата-ананың басын қосты.
Шараға Білім және ғылым министрлігі,
«Нұр Отан» партиясы және Президент жанындағы әйелдер істері және
отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қолдау білдірді. Байқауға Қазақстанның барлық аймағынан 70-ке тарта
журналист өз жұмысын ұсынған. Топ жарып шыққан 11 журналист 4 номинация бойынша
марапатталды. «Үздік телесюжет», «Үздік мақала», «Радиодағы үздік репортаж»
және «Үздік фоторепортаж». Барлық жеңімпаздар қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Жұрағат Баман, «Астана» телеарнасының
тілшісі:
Бүгін міне, еңбегіміз бағаланып, марапатталып жатырмыз. Қазақ халқы отбасылық құндылықтарға, бала тәрбиесіне көп
көңіл бөлген халық қой. Бүгінде енді шындығын айту керек, бала тәрбиесі ақсап
тұр. Бала өзіне емес, ата-анасына психологиялық көмек керек болып жатады. Ал,
біздің арнамыз отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарын
жалғастыра бермек.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ