$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Каспий маңы елдерінің басшылары Астрахан қаласында саммитте бас қосты

AstanaTV
29.09.2014ж. 20:00
1222
Каспий маңы елдерінің басшылары Астрахан қаласында саммитте бас қосты

Каспий маңы елдерінің басшылары Астрахан қаласында бас қосып, бес елді біріктіріп тұрған теңіздің биологиялық ресурстарын сақтап, тиімді пайдалану турасында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды. Ал теңіздің құқықтық статусын айқындау - тағы да сырғытылды.

Бұл жолы Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түркменстан және Иран президенттері Каспий теңізінің биологиялық ресурстар жөніндегі комиссияға мемлекетаралық мәртебе беріп, сол ресурстарды сақтап қалуда шұғыл шаралар қолдануына құзырет беруге келісті. Жиында Каспий алабында төтенше жағдай орын алса, бірлесіп іс-әрекет ету амалдары мен теңіздің гидрометеорологиялық ахуалына да мән берілді. Нұрсұлтан Назарбаев Каспийде еркін сауда аймағын құруды ұсынды.

Каспий маңы елдері бекіре тұқымдас балықтардың өсіп-өнуіне жақсы жағдай жасауға уағдаласты. Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінде бекіре балықтарын аулауға тыйым салу ережесінің сақталуын бақылайтын арнайы механизм құруды ұсынды. Президенттер Каспийдегі ұлттық аймақтың енін сол мемлекеттің егеменді аймағына жататын су алқабын ескере отырып, 25 мильдік есеппен есептеуге уағдаласты.

Ал Ресей басшысы Каспийдің құқықтық тәртібі туралы конвенцияның келесі саммитте қабылданатынына сенім білдірді. Жиын қорытындысы бойынша бес ел басшысы су айдынын бөлу, қазба байлықтары мен кен орындары кеме қатынасы және балық аулау мәселелері бойынша нақты шектеулерге келді. Сондықтан, болашақта көршілер арасында түсініспеушіліктер болмайтынына сенім білдірді тараптар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ