$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ауғанстанның жаңа сайланған президенті өз қызметіне кірісті

AstanaTV
29.09.2014ж. 20:00
1537
Ауғанстанның жаңа сайланған президенті өз қызметіне кірісті

Бүгін Ауғанстанның жаңа сайланған президенті Ашраф Ғани Ахмадзай ресми түрде өз қызметіне кірісті. Салтанатты рәсім Кабулдағы Ислам республикасы басшысының сарайында өтті. Қауіпсіздік басты назарда болғанымен, бұл жолы да жарылыстың алдын алу жаңа биліктің қолынан келмеді. Жарылыс Кабул халықаралық әуежайында орын алды.

Еске салайық, елдің бұрынғы бас қаржыгері Ашраф Ғани Ахмадзай бірнеше айға созылған саяси тартыстан кейін ақыры билікті өз қолына алды. Бұл жолы да Ауғанстан АҚШ-тың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Ақ үйдің септесуімен 21-қыркүйекте саяси күреске нүкте қойылды. Ашраф Ғани - президент, оның басты саяси қарсыласы Абдулла Абдулла - премьер-министр лауазымын місе тұтты.

Биліктің бейбіт түрде ауысуы - Ауғанстан үшін тарихи сәт. Тұңғыш «демократиялық» сайлаудың жеңімпазы Ашраф Ғани сайлау науқаны кезінде басты оппоненті болған Абдулла Абдулламен қоян-қолтық қарым-қатынаста ел игілігі үшін еңбек етеміз деп серт беруде.

Ашраф Ғани, Ауғанстанның жаңа сайланған президенті:

Біз ауғандықтардың төзімі үшін алғыс айтамыз. Олар сайлау нәтижесін 6 ай күтті. Біз саяси мәселелерді қарумен емес, келіссөздермен шеше алатынымызды алғаш рет дәлелдедік.

Ауғанстандағы саяси жарыстың нәтижесін орталық Азия өңірі тағатсыздана күтті. Мәселенің оң шешілуіне АҚШ та мүдделі еді. Вашингтон әскерінің Ауғанстанда қалу-қалмауының тағдыры да қол қойылуы тиіс қауіпсіздік келісіміне тікелей байланысты. Алайда батысқа бұра тартатын Ашраф Ғани аяқ асты саяси ұстанымын өзгерткен сыңайлы. Көп алдында сөйлеген сөздерінің бірінде жаңа басшы сыртқы күштердің қабағына қарайламай, өзімізге сенетін күн туды деп кесті.

Джавид Кохистани, саясаттанушы:

Өкінішке орай, Ауғанстанның ішкі қауіпсіздігі сын көтермейді. Осы екі үміткер мықты үкімет құруы тиіс, елде тұрақтылық орнатып, мемлекетті алға жетелейді деп үміттенеміз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ