$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Парламент Мәжілісі ЕАЭО туралы шартты ратификациялау жөніндегі заң жобасын бекітті

AstanaTV
01.10.2014ж. 20:00
1351
Парламент Мәжілісі ЕАЭО туралы шартты ратификациялау жөніндегі заң жобасын бекітті

Парламент Мәжілісі Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау жөніндегі заң жобасын бекітті. Құжатты депутаттар алдында таныстырған Ұлттық экономика министрі оның маңыздылығына ерекше тоқталды. Ерболат Досаевтың айтуынша, шартта мемлекеттің алдағы бірнеше жылға арналған сыртқы экономикалық саясатының негіздері айқындалған. Министр, әлемдік экономиканың қарқыны төмендеген жағдайда еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы экономиканы әртараптандырып, еңбек өнімділігін көтеріп және бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін қажетті тұғырнама жасайтынын атап өтті.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Еуразиялық экономикалық интеграцияның әлеуеті өте жоғары. Мүше елдері экономикаларының жиынтық көлемі 2 трлн 200 млрд долларды құрайды. Үш елдің өнеркәсіп өнімінің шығарылымының жалпы көлемі 1,5 трл долларға жетті. 2030 жылға қарай жиынтық жалпы ішкі өнім өсімі түріндегі перспективті интеграциялық әсер 900 млрд долларды құрауы мүмкін.

Одақ аясында 2025 жылға қарай мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы нарығы қалыптасатынын еске салып өткен министр газ тасымалы инфрақұрылымына қол жеткізу мүмкіндігі туатынына да тоқталды. Еуразиялық интеграция туралы талай айтылғандықтан ба, Ерболат Досаевтың баяндамасы аса ұзақ болған жоқ. Депуттаттар да құжатты бір ауыздан мақұлдады.

Құжаттың негізгі қағидаты - ұлттық мүддемізден шығуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, одақтан шығып кету тетіктері заң жобасында қарастырылыпты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Елбасы айтқандай, болашақта осы келісім жүзеге аспай жатса немесе құқықтарымыз бұзылып жатса, ұлттық мүдделерімізге сай келмей жатса, осы келісім ішінде осы келісімнен шығуға мүмкіндік беретін нормалар бар. Енді оған жете қоймайды деп сенейік.

Алайда кейбір депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялауға қарсылық білдірмесе де, Кедендік одақтың келеңсіз тұстары туралы сауал жолдап, шара қолдануды сұрады. Азат Перуашевтің айтуынша, Ресей қазақ тауарларын өз нарығына кіргізуге үнемі тосқауыл жасап келеді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Кедендік одақ құрылғалы бері Ресей тарапы өз нарығына қазақстандық тауарлардың жолын шектеп келеді. Бұл үшін үнемі бір жаңашылдықтар ойлап табылады. Мәселен, өзгенің мүддесін қорғаудың нақты мысалы ретінде Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесте қаралып жатқан жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау туралы жобаны айтуға болады. Құжат тауарларды сәйкестендіру белгілерімен міндетті таңбалауды қарастырады. Бізде бар ақпарат бойынша, таңбалау барысында әр тауардың бір данасына 20 теңге қосылады. Сонда әр шұлықтың, әр дәптердің, әр алманың бір данасына 20 теңгеден қосылып отырса, кей тауарлар 50 пайызға қымбаттап кетпей ме? Ал таңбалау қондырғылары бір-бірімен байланысы бар жеке компаниялардан сатылып алыну керек. Сонда Қазақстанның әр азаматы кез келген тауар сатып алған кезде сол жалған кәсіпкерлер пайдасының артуына әсер етеді. 20 теңгені 17 млн халық саны мен сатып алынатын тауарлар санына көбейтсеңіз, олар қанша пайдаға кенелмек?

Айгүл ӘДЕПБАЙ