$486.65 €524.46 ₽5.05
×

1 қазан - Халықаралық қарттар күні

AstanaTV
01.10.2014ж. 20:00
1981
1 қазан - Халықаралық қарттар күні

1 қазан - Халықаралық қарттар күні. Бұл күні қарияларымыздың көпшілігі сый-сыяпатқа бөленсе, енді кейбірі дәрі-дәрмек сатып алу үшін қосымша тер төгуге мәжбүр. Ақтаулық зейнеткерлердің күнделікті тіршілігін бақылаған тілшілеріміз бірталай жәйтке куә болған еді. 

Таисия әжейдің ақтаулық қарттар мен мүгедектер үйіне келгеніне бір айдан асты. Ол өз пәтерін сатып, Ресейде үй салып жатқан баласына қол ұшын созған. Зейнеткерлердің айтуынша, қариялар интернаты курорттан кем емес. Күніне 5 мәрте ас беріледі, коммуналдық қызметтерді өтеп керек емес және ең бастысы - теңіз ауасымен тыныстауға болады. Таисия әжейді мұндағылар Каспийдің су перісі дейді. Басқалар сияқты ол да спортпен шұғылданып, теңіз суына шомылуды әдетке айналдырған.

Таисия Богородская, зейнеткер:

Зейнетақым жақсы, айына 69-70 мың теңге аламын. Бұған қоса, мұндағы бірлестік зейнетақыма 3 мың теңге қосып береді. Сондықтан дәрі-дәрмек немесе жеміс-жидектерге мұқтаж емеспін. Өз немереме де көмектесіп отырамын.

Ал 75 жастағы Шафига әжейдің тағдыры өзгеше. Қария дертке шалдыққан қосағының күтімін мойнына алған. Екеуінің зейнетақысы не бары 70 мың теңге. "Бұл - тек азық-түлік, коммуналдық қызметтер мен аз-кем киімге ғана жетеді", - дейді қария. Ал дәрі-дәрмек сатып алу үшін, әжей қосымша еңбек етуге мәжбүр. Күнде аскөк сатады. Тауарды белгілі компаниядан 120 теңгеден алып, үстіне 30 теңге қосатынын айтты. 

Шафига Кафланова, зейнеткер:

Кейде дәрі-дәрмектер 5000-5500 мың тенгеге шығады. Міне, қазір күш-қуат беретін сұйықтықтын 10 құтысы керек. Ал зейнетақының уақыты әлі келген жоқ. Жетісінде не онында ғана аламыз.

Халықаралық мерекеге орай қарттар 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 3704 теңге көлемінде әлеуметтік көмекке ие болады. Бұл күні мүгедектер де назардан тыс қалмады. Оларға 5 қазанға дейін 9260 теңгеден төленеді.

Анара Закриенова, Маңғыстау облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

Қалалық және аудандық мәслихаттардың шешімі бойынша биылдан бастап қарттар күні қарсаңында қарияларға көмек ретінде 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ, кембағалдарға да көмек көрсетіледі. 1,2 және 3-ші санатты үлкенді-кішілі мүгедектерге 5 айлық есептік көрсеткіштен төленеді.

Бүгінде Маңғыстау облысында шамамен мыңға жуық зейнеткер мен 18 мыңнан астам мүгедек бар. Әлеуметтің әлжуаз тобының басым бөлігі мемлекеттің қолдауына зәру. Сондықтан қарттар бір жолғы әлеуметтік төлем болса да - үлкен көмек дейді.

Абзал ҚҰРМАНКИН