$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Қызметтік қаруын жоғалтқан шымкенттік полицей қамалды

AstanaTV
02.10.2014ж. 10:00
1026
Қызметтік қаруын жоғалтқан шымкенттік полицей қамалды

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов министрліктің түрлі қызмет басшылары және ішкі істер департаменттерінің бастықтарымен шұғыл кеңес өткізді. Министрдің қол астындағыларды жедел түрде жинауына табельді қаруын жоғалтқан шымкенттік полицей ісі негіз болды, деп хабарланады Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.

Полиция сержанты Ұтқыншиевтің автоматы шұғыл іздеу операциясы арқасында екі тәулік ішінде табылды. Аталмыш іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал қаруына салғырт қараған сержант қамауға алынды. Баспасөз қызметі таратқан хабарламада бірқатар қызметкерлердің де жұмыстан босатылғаны жазылған.

Атап өтер болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтаев, Шымкент қаласы ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Бұхарбаев пен Мамаев және тағы бірнеше басшылар орындарынан алынып, тағы бірқатары қатаң әкімшілік жауапкершілікке тартылды делінген. Ал өзге аймақтардың бас полицейлеріне қол астындағы полицейлердің қызметін қатаң түрде бақылау тапсырылды.

Еске салайық, Шымкентте полиция сержанты табельді қаруы Калашников автоматын кафеде түстеніп отырған кезде жоғалтып алған еді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ