$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Голливуд жұлдызы мұсылмандар намысын қорғаушылардың қатарынан табылды

AstanaTV
06.10.2014ж. 20:00
1999
Голливуд жұлдызы мұсылмандар намысын қорғаушылардың қатарынан табылды

Ислам мемлекетінің  исламға қатысы жоқ. Радикалды топ ислам дінін тек қаралайды. Британиядағы мүфтийлер әлеуметтік желілерде осы сарында бейнежазбалар таратты. Голливуд жұлдызы, режиссер Бен Аффлек те мұсылмандар намысын қорғаушылардың қатарынан табылды. Ол Америка телеарналарының бірінде өткен ток шоу кезінде мұсылмандықты даттағандарды исламафобия үшін айыптады. Оппоненттерін нәсілшілдер деп те жазғырды.

Америкалық телеарналардың біріндегі мына шоу бұрын-соңды болмаған рейтингті көрсетуде. Бағдарламаның үзіндісі тіпті Ютуб порталына жайғасқан. Содан бері  оны мыңдаған адам көріп шықты.  Бейнежазбада әлемге танымал голливуд жұлдызы Бен Аффлек ислам дініне кір келтірген  бағдарлама авторы мен қонақтарын жерден алып жерге салуда.

Бен Аффлек, актер, режиссер:

Сіздің айтып отырғандарыңыз сұмдық қой! Таза нәсілшілдік!  Миллиардтан астам адам кәдімгідей сіз бен біз сияқты мектепке барып, сэндвич жеп, тіршілігін жасап жүр. Арам ойлары жоқ, әйелдерді сабап, біреуге қиянат көрсетпейді!

Бір құмалақ бір қарын майды шірітуде дейді Бен Аффлек. Дәстүрлі ислам өлім мен қатігездікті насихаттамайды. Ал кез-келген радикалды ағым қанды қалайтыны белгілі деп қосты ол. Сарапшылар болса, мұндайлар әлемдік дінді жамылып, мақсатына жету үшін барын салады. Қазіргі мақсаты ислам халифатын құру дейді.

Қынжылтатыны жихадшылар қатарына өткендер саны жылдан жылға көбейуде. Тіпті Еуропаның өзінде де жат діннің етегінде кеткендер аз емес. Орталық Азияда да жағдай дәл осындай. Саясаттанушы Ерлан Қарин Қазақстан мен көршілес елдерде де мұндай еріктілер баршылық дейді.

Ерлан Қарин,  саясаттанушы:

Қауіп әлі де бар. Оған қоса вирус коммуникациялық желілер арқылы тарап отыр ғой. Бұл, әрине, Фэйсбук, Твиттер,  Одноклассники, Мой мир және В контакте әлеуметтік желілері.

Терроризм геосаяси ойындардың құралына айналғанын АҚШ вице-президенті Джо Байден де жоққа шығармайды. Кезінде ол аузына ие бола алмағаны үшін, Түрік және Сауд Арабия биліктерінен кешірім сұраған еді. Сол кезде сарапшылар  шындық үшін кешірім сұраудың қажеті не деп таңырқады.

Джозеф Байден, АҚШ вице-президенті:

Біздің Сириядағы жақтастарымыз кейін ең үлкен проблемамызға айналды. Түркиялықтар Сауд Арабиясы мен Араб Әмірліктерінің тұрғындары сияқты жақтастарымыз еді. Алайда,  олар не істеді?  Сирия президенті Асадты тақтан тайдыру үшін барын салды. Асадқа қарсы күресуге әзір болған мемлекеттерге қыруар қаржы құйып, он мыңдаған тонна қару-жарақ жөнелтті. 

Кей сарапшылар, өздерін "Ирак және Левант ислам мемлекеті» деп атайтын  топты, радикалды топ деп қана қарастырмайды. Бәз біреулер қаражат құйып, мақсат-міндеттерін айқындайтын ойыншық ретінде таныса керек. АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, радикалды топ кеңейіп  жатыр. Белгілі болғандай, тәліптер де "Ирак және Левант ислам мемлекетінің» қол астына кіріп, соғыспақшы. Аль-Кайда да қол қусырып қарап отырған жоқ. Таяуда Үндістанда бөлімшелерін ашты. Осының бәрі сайып келгенде, исламға деген әлем мемлекеттерінің үрейін күшейтіп отыр.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА