Қазақтың
ежелгі аңыз-ертегілерін тірілткен жас өнерпаздар мемлекет қолдауына зәру.
Заманауи әдебиетке «комикс» деген атаумен енген жанрды қазақ жігіті қолға ала
бастады. Ел аузындағы рухани қазынаны қылқаламмен бейнелеп, оған жан бітіріп
жүр. Әзірше орыс тілінде сөйлеген комикстік туындыларды қазақ тілді оқырманға
жеткізу үшін жан-жақты жәрдем қажет.
Комикс -
суретті әңгімелер немесе әдебиет пен бейнелеу өнерін тоғыстырған жанр. Қазақ
ертегілерін осы тұрғыдан насихаттау бұрын-соңды болмаған. Идея авторы - Оразхан
Жақып. Аядай баспанасында отырып-ақ, әңгімелерді құрастырады, жобасын жасап,
баспаға өткізеді.
Оразхан
Жақып, идея авторы:
Бұл
идеяны жүзеге асыру көптен бері ойымда жүрген. Үш жыл бұрын осы шаруаны нақты
қолға алып, айналыса бастадық. Бағымызға орай, өте шебер суретші кездесті. Соның
арқасында біріккен жоба өмірге келді.
Хикаялар
мен ертегілерді суретпен сөйлету үшін, бейнелеу өнерінің сапасына көңіл
бөлінеді. Бұл тұрғыдан Оразханға Артем
Горчаков көмектесті. Екеуі бірігіп «Ертегілер» деп аталатын туындының тұсауын
кескен. Комикстің басты кейіпкерлері - осы күнгі жасөспірімдер. Оқиға желісінде
олар халық ертегілері әлеміне саяхат
жасайды.
Артем
Горчаков, «Ертегілер» комиксінің авторы:
Көбіне қазақтың халық ертегілеріне үңілдім. Суретті
салу барысында кейіпкерлерді сақтауға
тырысамын. Оқырманға сонысымен қызық деп ойлаймын. Өзге халық өкілдері қазақ
ауыз әдебиетіне қызығушылықпен қарайды. Бір жаңашылдық іздейді.
Қазақстанда
бұл өнер туындыларын басып шығаратын жалғыз баспахана жұмыс істейді.
Ертегілерді жасауда жаңаша, бояуы қанық кескінге мән беріледі, дейді авторлар.
Қызығы - комикстерге ресейліктердің
сұранысы жоғары. Қазір жігіттер дайын өнімдерді шетелдерге сатып, пайда көріп
отыр.
Оразхан
Жақып, идея авторы:
Баспаханадан
шыққан өнімдердің негізгі бөлігін ТМД мемлекеттеріне саудалаймыз. Мәскеуге
жеткізген өнімдеріміз әп-сәтте өтіп кетеді. Ал кітаптарды Алматы, Астана және
Қарағанды дүкендеріне жеткізіп береміз. Бірақ өз елімізде әлі сұранысы
төмен.
Комикс
туындылары жақында Алматы метросындағы көрмеге қойылды. Десе де жоба
авторларына мемлекеттің қолдауы қажет. Комикстерді қазақ тілінде сөйлету үшін, көп шығын жұмсалады, дейді суретшілер.
Әзірге олар халық ауыз әдебиетінің жауһар туындыларын тек ресми тілде басып
шығаруға мәжбүр.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ