$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Шымкенттегі сарбаздың сүйегі қайта жерленді, ол соғыста із-түзсіз кеткендер сапында болған

AstanaTV
07.10.2014ж. 13:00
1756
Шымкенттегі сарбаздың сүйегі қайта жерленді, ол соғыста із-түзсіз кеткендер сапында болған

Шымкентке «жетпіс жыл бұрын із-түссіз жоғалды» деп есептелген сарбаздың сүйегі жеткізілді. Даңқ мемориалына жиналған көпшілік қарт жауынгердің рухына тағзым етті.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Анықталмаған көптеген сүйектердің ішінде осы ағамыздың қасында кішкене ғана тарағы табылып, онда аты-жөні жазылып, наградалары табылып бұйырып тұрғаны осы.

Төле би ауданы Қарақия ауылының тумасы - Қасымбек Нұрсейітов 1942-жылы небәрі 17 жасында майданға аттанған. Гвардия кіші лейтенанты, танк взводының командирі болған ол, көптеген ұрыстарда ерлігімен көзге түседі. Кейін «1944-жылы Латвияның Ауценск уезіндегі шайқас кезінде қаза тапты» деген хабар келеді. Алайда, сарбаздың денесінің нақты қайда жерленгені белгісіз болып қалған. Енді міне, сүйегі жетпіс жылдан соң Латвияда жол құрылысын жүргізу кезінде табылып отыр. Іздеушілер жасағы оның Қазақстанның тумасы екенін жанынан табылған тарақтан таныған. Қасымбек Нұрсейітов өз есімін алюминий тарағына қашап жазған екен. Батырдың сүйегі туған жеріне қойылды.

Мүслім Дайырбеков, туысы:

Сұрапыл соғыста қайтпаған бауырлар көп. Мына бауырымыздың тегін еместігі, оның еліне келуі, қойылғанының өзі үлкен жақсылықтың нышаны.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ