$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Шымкентте өндіріс орнында жарақат алған қытайлық екі азаматтың біреуі қайтыс болды

AstanaTV
07.10.2014ж. 20:00
1845
Шымкентте өндіріс орнында жарақат алған қытайлық екі азаматтың біреуі қайтыс болды

Шымкентте өндіріс орнында жарақат алған қытайлық екі азаматтың біреуі қайтыс болды. Индустриалды аймақта ашылған зауыттардың бірінде жұмыс істейтін олар күйіп қалған. Зардап шеккендерді зауыт өкілдері өз көліктерімен ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер жалыннан алған жарақаттан екеуінің де халі ауыр болғанын айтады. Қаза болған 41 жастағы қытайлықтың денесінің 90 пайызы күйген. Ал екіншісі елу бір жаста, оның денесінің 60 пайызы күйіп қалған.

Мұхит  Досыбаев, ОҚО жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығы күйік бөлімінің меңгерушісі:

Екінші науқас жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Жағдайы ауыр халде қалуда. Барлық ем-шаралар қолданылуда.

Арматура шығарумен айналысатын серіктестікте техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмаған болуы мүмкін. Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан комиссия өкілдері алдын ала осындай  болжам жасады. Темір балқытатын пешке су тиген темір салынған болуы ықтимал деген де жорамал айтылуда. Салдарынан балқып жатқан сұйықтық адамдарға қарай шашыраған болуы мүмкін. Егер осы болжам расталса, жұмыс беруші жауапсыз қалмайды,- деді өңірдің бас еңбек инспекторы Бастар Есқараев. Айта кетейік, өндіріс орнында қытайлық 10 жұмысшы квота бойынша еңбек етіп жүрген. 

Бастар Есқараев, ОҚО бас еңбек инспекторы:

Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылардың  өздерінен де кінә болған. Себебі арнаулы киім кимеген олар. Қалған мәліметтің бәрі арнайы тексеру  қорытындысы бойынша толыққанды болады. Олардың өмірі сақтандырылған жазатайым жағдайдан. Егер жұмыспен байланысты шешім қабылданса, тиісті өтемақы  төленетін болады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ