Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылордада 600-ден астам үй әлі де көгілдір отынға зәру

AstanaTV
08.10.2014ж. 10:00
1024
Қызылордада 600-ден астам үй әлі де көгілдір отынға зәру

Осы жылдың соңына дейін Қызылорда қаласын газбен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Бірақ облыстық энергетика, коммуналдық шаруашылық басқармасынын деректері бойынша, шаһардағы 600-ден астам үй әлі де көгілдір отынға зәру. Тұрғындар бес жыл қатарынан жергілікті билікке арызданып, жауап ала алмай дал. Тақырыпты Шарипа Сақтапова тарқатады.

Хон Бен До көшесіндегі 201-орам жаңа шағын аудандардың қатарында. Алғашқы үйлер бұл аймақта тоғыз жыл бұрын бой көтеріпті. Өз күштерімен тұрғындар су жүйесін кіргізіп, электр бағаналарын орнатуға да бірігіп ақша жинаған. Бірақ газды жеткізу мәселесін өз күштерімен шеше алмады.

Гүлжанат Киесова, Хон Бен До көшесі, 201-орам тұрғыны:

2009 жылдан бастап арыз тасталып келе жатыр осы газ жөнінде. Ешқандай нәтиже жоқ. Үкіметтің өзінін тегін тартып беруін сұрадық. Тек арқамыздан қағып, шығарып салады: осы декабрьдің, жылдың аяғына дейін, деп. Жеке газ тартып беретіндер келеді, 500-600 мынға дейін сұрайды. Оған ешкімнің қалтасы көтермейді.

Күн суытқалы көше тұрғындарынан маза қашты. Олар жыл бойы табыстарын отбасылық демалысқа емес, қысқа дайындық үшін жинайтынын айтады. Көмірдің тоннасы 13-14 мың теңге болса, отынның бір арбасы 20 мынға дейін шарықтап тұр. Ал қара суық түскенде, баға да өсе беретіні анық.

Сағатбек Әбдіманов, Хон Бен До көшесі, 201-орам тұрғыны:

Қыс бойы көмір жағамыз, әр үй 10-15 тоннадан жағады. Бір жылдың ішінде осы көмірдің кесірінен балалар зардап шекті, уланып қалып. Жедел жәрдем шақырдық, сөйтіп аман-есен қалды.

Аралбай Ерманов, Хон Бен До көшесі, 201-орам тұрғыны:

Бізге керегі - осы көшеге кіргізсе, қалғанын жеке адамдар өзі кіргізіп алады ғой үйлеріне. Сол біздің сұрайтынымыз.

Ал жергілікті билік, үйлерді газбен қамтамасыз ету жоспары орындалады деп сендірді. Бірақ нақты мерзімді дөп басып айта алмады.

Асылбек Шәменов, Қызылорда облыстық энергетика, коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары:

2013 жылы 14 миллион теңгеге жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, 2014 жылдың басында республикалық бюджетке қаражат қарастыру үшін, тиісті министрлікке ұсынған болатынбыз. Десе де, қазір облыстың тарапынан биылдыққа сол қаржыны шешу мәселесі қаралып отыр. Биылдыққа қаражат бөлінсе, жылдың аяғына дейін қалып қойған үйлердің барлығын газбен қамтамасыз етуге жұмыс жасап отырмыз.

Жалпы, көгілдір отыннан қағылып отырған бас-аяғы 600 үй. Ал табиғи газдың қызығын көріп отырғандар 620-дан астам көп қабатты тұрғын үй мен 20 мыңңын үстінде жеке баспана. Оған қоса, 675 кәсіпорын қамтылып отыр. Бағасы да тиімді - бір текше метрге сегіз теңге. Қала толықтай газбен қамтылған соң, 21 елді мекенді газбен қамтамасыз етуді алдағы 2 жылға жоспарлапты.

Шарипа САҚТАПОВА