$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Риддерде менингококк вирусты инфекциясы індеті таралмаған

AstanaTV
07.10.2014ж. 20:00
1245
Риддерде менингококк вирусты инфекциясы індеті таралмаған

Риддерде менингококк вирусты инфекциясы індеті таралмаған. Бұл туралы қалалық аурухананың дәрігерлері мен эпидемиологтары мәлімдеді. 1 жасар нәресте мен 13 жастағы баланың өлімі аурудың тез асқынатын түрінен болған. Алайда екі оқиғаның бір-біріне еш қатысы жоқ көрінеді. Дәрігерлер бақилық болған балалардың иммунитеттері әлсіз болғанын алға тартуда. Бүгінде қалада медициналық топ құрылып, дәрігерлер аула-үйлерді аралауда. Ал инфекцияның ауамен таралатындығын білген қала тұрғындары балаларын мектеп, бала-бақшаға жіберуден бас тартып отыр.  

Бақилық болған балғын Тимофей Козлов небәрі бір жаста болатын. «Сәбидің денсаулығы мықты, әрі белсенді  еді», - дейді ата-анасы. Тимофейдің дене қызуы пайда болғанда, педиатр дәрігерлер оның тістері шығып жатыр деп, қатты алаңдамауға шақырған. Алайда оның қызуы 39-ға дейін жеткенде, жедел жәрдем шақыруға тура келген. 

Любовь Козлова, Тимофейдің анасы: 

Қызуы көтерілген кезде денесі көкпеңбек болып кетті. Дәрігер маған оның тамырлары жарылып кеткен деп, жедел түрде жансақтау бөліміне алып кетті. Кейіннен дәрігер оның қанында менингококкты инфекция табылғандығын айтты. Балам 3,5 сағаттан соң қайтыс болды.

Осыдан бірнеше күн бұрын ауруханаға түскеніне бір сағат уақыт өтпестен 13 жастағы Максим Изотов та қайтыс болады. Спорт мектебінің оқушысы денсаулығына шағымданбаған. Керісінше, үлкен спортқа бет бұрған болатын.

Гүлмира Кітапбаева, Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері:

Таныстарының біреуі инфекциялық аурумен ауырған болуы керек. Осылайша, инфекцияны ауа арқылы жұқтырып алған. Жас иммунитет мұндайға шыдамаған. Соңы өлімге әкеліп соқты. 

Балалардың өлімі туралы ақпарат Риддер тұрғындарын қатты үрейлендірді. Аурудың ауа арқылы таралатындығын естіген жұрт, балаларын мектепке жібермей отыр. Ал дәрігерлер аурудың себептерін анықтауға кірісті. Бақилық болған балалармен қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы медициналық тексерістен өтуде.

Гүлмира Мырзағараева, Риддер қаласының мемлекеттік санитарлық дәрігері:

Балаларға жақын болған 130 адам медициналық бақылаудан өтті. Республикалық мектепте дезинфекциялық жұмыстар атқарылуда. Бәрін қатаң бақылауда ұстап отырмыз.

Әйтсе де, дәрігерлер менингококк инфекциясының таралуы туралы ақпарды растамай отыр. Аурудың қайдан және неден шыққандығы әлі де тексерілуде. Қала тұрғындары қосымша сараптаудан өтіп, аурудың алдын алу жолдарын іздеуде. 

Жұрағат БАМАН