$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Нұр Отан» фракциясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының жобасын мақұлдады

AstanaTV
08.10.2014ж. 20:00
1270
«Нұр Отан» фракциясы  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының жобасын мақұлдады

«Нұр Отанның» Мәжілістегі фракциясы партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының жобасын мақұлдады. Билеуші партияның он жылға арналған жаңа Бағдарламасының жобасы бүгін Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары - «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен фракция отырысында талқыланды. Келелі басқосуға  партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Нұр Отанның» Мәжілістегі фракциясының мүшелері, сондай-ақ  Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутаттар қатысты.

Фракция жетекшісі Дариға Назарбаева бұл жобаның қоғам мен мемлекетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жұмылдыратын маңызды құжат екенін атап өтті. Онда «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған басты  міндеттер ескерілген. Негізгі мақсат  - сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Айта кетейік, аталған құжаттың жобасы 6 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарының, өңірлік саяси кеңестердің отырыстарында талқыланды. Тәуелсіз сарапшылар, үкіметтік емес және ғылыми ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады. Құжат тамыз айында «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясында талқыланды. Партия мүшелерінен, сарапшылар қауымдастығынан және интернет қолданушылардан 900-ге жуық ұсыныстар  түсіп, бағдарлама мәтіні 40 % -ға жетілдірілген. 

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі:

«Қазақстан-2050» Стартегиясының ауқымды міндеттерін іске асыру үшін, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттердің тиімділік сапасын арттыру қажет. Біз ұсынып отырған Бағдарлама осыны көздейді. 

Жиын қорытындысы бойынша фракция мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының жобасын бірауыздан қолдап, қаулы қабылдады.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА