Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Кәсіпорынды банкроттықтан сақтап қалудың жаңа механизмдері іске қосылды

AstanaTV
14.01.2016ж. 20:00
2744
Кәсіпорынды банкроттықтан сақтап қалудың жаңа механизмдері іске қосылды

Енді кәсіпорынның қарызы болса, банкроттық жариялау міндет емес. Жаңа жылдан бастап Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыруға байланысты тоқырауға ұшыраған компанияларды оңалту тетіктері жұмыс істей бастады. Заңды тұлғалардың банкроттығын сотқа жеткізбей, тараптарға тиімді етіп шешудің жолдарын қарастыратын заң талаптарын заңгерлер қалай түсіндіреді?  Ал қарызға батып, кәсіпорынды жабуға мәжбүр болған кәсіпкердің пікірі қандай?! Тілші толықтырады. 

Алматыдағы ірі құрылыс компаниясының өкілі Мәрияш Қабикенова банкроттықтың алдында тұрған кәсіпорынның оңалту басқармасын басқарады. Өндірістік құрылыста салмағы бар, бірінші санатты лицензияға ие компания қаржылық қиындықтарға тап болған. 2009 жылғы девальвациядан кейін кредиторлар алдындағы берешегі 1 млрд 300 млн теңгеге жеткен. Бес жылдық оңалту процесінен өткен мекеме жуырда күшіне енген «Банкроттық туралы» заңнан үміт күтіп отыр. 

Мәрияш Қабикенова, құрылыс компаниясының оңалту басқармасының басшысы:

Дұрыс менджменттің болмауы мен қарыздардың қордалануы тоқырауға әкелді. 2009 жылғы теңгенің құнсыздануынан компаниямыз банкке тәуелді болды. Құрылысты қаржыландырғанда келісімшарттар АҚШ валютасымен жасалған еді. Ақыры банкроттық жариялап, оңалту процесін бастауға мәжбүр болдық. Бірінші кезекте жалақы қарызын жауып, ақырындап жұмысты жалғастырдық. Енді жаңа заң талаптарына сүйеніп, кәсіпорынды құрдымға кетуден аман алып қаламыз деген үміттеміз.

Елбасы «100 қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында заңды тұлғаларды банкроттықтан сақтауда әлемдік тәжірибеге иек артуды ұсынды. Оңалту процедуралары жұмыс орындарын сақтап, оған қайта жан бітіруге барлық тараптарды жұмылдыруды қарастырады. Сотқа дейінгі төлем қабілетсіздігі сараланып, әрі қарай жасалатын қадамдардың тетіктері заңда көрсетіліп отыр. Бұл  борышкер мен кредитор арасындағы қаржылық дау-дамайды бірігіп шешу.

Сергей Уткин, заңгер:

Қарыз алушы мен инвесторды бітістіріп, кәсіпорынды тығырықтан алып шығатын жол бар. Егер компанияның 4-5 кредиторы болса, олар енді бір стол басына отыруға міндетті болады. Оңалту процедурасы жарияланған сәттен бастап, сот оларға мүмкіндік береді. Сот шешімі шықпай тұрып,  өзара тиімді жолмен келісімге келу қажет. Осыған дейін «банкроттық» кәсіпорын үшін өліммен тең еді. Бәрін сатып, жауып, мекемені жоқ қылу деп түсініп келдік.

Заңдық тұлғаларды банкроттықтан сақтап қалуда кіріс департаменті мен сот орындаушыларына да үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Жаңа жылдан бастап банкрот деп танылған кәсіпорындардың мүлкін тәркілеу ісімен жеке сот орындаушылары айналыспақ. Ұлт жоспары бағдарламасына сай мемлекеттік сот орындаушыларының саны бірнеше есеге қысқарады.

Айтуар Райымбеков, Алматы қаласы әділет басқармасының бөлім басшысы:

Енді барлық атқару құжаттары жеке сот орындаушыларына тапсырылады. Бізде тек мәжбүрлеп жер телімдерін алу сияқты істер қалды. Тікелей банкрот деп танылған кәіпорынға қатысты шараларды тиісті заңның 47 бабына сәйкес конкурстық басқармаға жіберіп отырамыз.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Жаңа заң банкроттықтың кәсіпорындар үшін ақтық дем емес екенін түсіндірмек. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп жазылған құжаттың  отандық бизнес үшін тиімділігін уақыт көрсетеді, дейді сарапшылар. Бастысы - сот орындары, оңалту басқармалары, кредиторлар мен борышкерлер арасындағы түсіністік маңызды. Өткен жылы Қазақстанда 2 мың кәсіпорын банкротқа ұшыраған. Оның тек 30-ы ғана қайтадан сауықтыруға жатқызылған. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ