«Қазақстан Азаматтық альянсы» «Нұр Отан» партиясының 2015-2025
жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының жобасын
қолдайды және оның бұдан әрі іске асырылуына атсалысуға әзір. Бұл туралы
500-ден астам үкіметтік емес ұйымның басын қосып отырған «Азаматық альянс» алаңында ұйымдастырылған жиында мәлімделді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының
бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысқан дөңгелек стол барысында бағдарлама
жан-жақты талқыланып, жиынға қатысушылар өз ұсыныстарын білдірді.
«Нұр Отан» партиясы
жемқорлықпен күрес мәселесін кезең-кезеңмен шешіп келеді. Бүгінгі жиында партия
Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысушылардың пікірін тыңдап,
жемқорлықтың алдын-алу жолындағы істе қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың,
сондай-ақ тиісті органдардың ұсыныстарын сұрыптап қарау маңызды екендігін атап
өтті.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы
төрағасының бірінші орынбасары:
Сыбайлас жемқорлықты жеңу үшін
әрбір азамат бұл мәселелер тек мемлекетке, құқық қорғау құрылымдарына ғана
қатысты емес екенін түсінуі қажет. Бұл баршамызға қатысы бар мәселе екенін
ұғынуға тиіспіз. Біз сонда ғана бұл әлеуметтік кеселге қарсы тұра алатын
боламыз.
Жемқорлықпен күрес турасындағы
идеялар мен ұсыныстарды талқылау барысында көптеген ұтымды пікірлер айтылды.
Мәселен, қоғам арасында жемқорлық фактілері жиі орын алатын бір-екі мысал
келтірсек. Оның ішінде көлікті техникалық байқаудан өткізу кезінде, немесе
жүргізуші куәлігін алу барысында көзқысты әрекеттер орын алып жататындығы
белгілі. Бұл себепті жемқорлықпен күресті ұлғайту ісімен емес, оның алдын алу
жолында осындай тіркелетін фактілерді болдырмау мақсатында, техникалық
бақылаудан мүлдем бас тарту, жүргізуші куәлігін беру процесін қатаңдату секілді
ұсыныстар алға тартылды. Қазақстанның Азаматтық альянсының өңірлік өкілдері де
өз ойларымен бөлісті.
Жақсыгүл Махамбетова, Маңғыстау
облыстық Азаматтық альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
Атқарылатын шаралардың
барлығына, олардың жүзеге асырылуы процесінде бағалау жүргізу керек. Ол тиімді
болып жатыр ма, немесе кейбір моменттері мүмкін жүзеге аспай жатқан шығар. Ал
жүзеге аспай жатса, оның қандай себептері бар? Міне, соны анықтап, дер кезінде
оны жөндеп, немесе жаңа әдістерді ойлап, ұсыну керек деп ойлаймын.
«Ауырып ем іздегенше,
ауырмайтын жол ізде» демекші, партияның бағдарламасының жобасында жемқорлық
фактілерімен күрес емес, оны болдырмау, алдын алуға баса назар аударылып отыр. Нақты жоспарлар
қабылданып, нақты іс-қимылдар белгіленбек. Құжаттың іске асу барысы мен
жемқорлыққа қарсы шаралардың жыл сайынғы қорытындылары Елбасы, партия Төрағасы
Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндалып отырады.
Нұрлан Ерімбетов, «Қазақстан
Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
Бүгінгі қабылданып жатқан Бағдарламаға
біраз ұсыныстар енгізілді. Оны енді "Нұр Отан" партиясының басшылары
өздері көру керек. Себебі бұл ұсыныстар елден келген ұсыныстар. Сондықтан бұны
біз тағы байқаймыз да, екі аптадан кейін тағы жиналыс болады.
Айта кетейік, партия өзінің Бағдарлама
жобасын қоғамдық талқылауға ағымдағы жылдың шілдесінде жіберді. Құжат алты
мыңға жуық бастауыш партия ұйымдарының және аймақтық саяси кеңестердің
отырыстарында талқыланды. Бағдарлама жобасына партия мүшелері, сарапшылар қауымдастығы,
интернет қолданушылар тарапынан 900-ге жуық ұсыныстар мен қосымшалар ұсынылды.
Нәтижесінде бүгінде құжаттың бастапқы мәтіні 40 пайызға жетілдірілген.
Жұрағат БАМАН