Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Оралда орманнан табылған отбасының балалары уақытша ауруханаға орналастырылды

AstanaTV
13.10.2014ж. 10:00
1414
Оралда орманнан табылған отбасының балалары уақытша ауруханаға орналастырылды

Орал қаласының іргесіндегі орманнан табылған отбасының балалары уақытша ауруханаға орналастырылды. Көктемнен бері орманды мекендеп келген бұл отбасы жабайы боп кетуге шақ қалыпты. Тоғайдың тұрғындары туралы журналистерден естіп білген құзырлы органдардың өкілдері орманды шарқ ұрып шарлап, оларды ақыры осы маңдағы саяжайлардың бірінен тапты.

Дәрігерлер жас жарымдағы Камилла мен үш жасар Каринаны және алты жастағы Альбинаны мұқият тексергенімен, бүлдіршіндердің саулығынан кінәрат таппады. Кір-қожалақ балалардың анасы ауруханада қалудан үзілді-кесілді бас тартты. Өздерін орманға қайта жіберуін талап еткен ол ешкімнің көмегіне мұқтаж еместігін жеткізді. Ал балаларын осындай күйге түсірген отағасы Репек Әбсәметовтің ісімен енді полиция айналысады. Егер олар ата-аналық құқынан айрылса, балалары жетімдер үйіне тапсырылмақ.

Наиль Акчурин, Орал қалалық прокуратурасының бөлім басшысы:

Ауруханада қалмайтынын айтып, қарсылық көрсеткеннін кейін оларды ата-аналық құқынан айыратынын айтып үркітіп, әйтеуір көндірдік. Қазір анасы үш баласымен ауруханаға орналастырылды. Бөбектер енді толық дәрігерлік тексеруден өткізіледі. Қазір олардың денсаулығына қатер төніп тұрған жоқ.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Оралдың іргесіндегі орман ішінен үш балалы отбасы табылған еді. Балаларын аш қалдырмау үшін отағасы тоғай ішінен саңырауқұлақ теріп, балық аулап, талғажау еткен. Ескі-құсқы заттарды төсек қылып, шатырды паналаған отбасының құжаттары да жоқ екен. Неге екені белгісіз, ата-анасы балаларға берілер жәрдемақыны да рәсімдетпеген көрінеді. Қылмыс жасап, түрмеден босап шыққан отағасы балалардың әкесі ретінде заңды түрде танылмапты.

Қазір бұл шаңырақ сенімсіз отбасы ретінде былтырдан бері полиция органдарында тіркеуге алынған. Күні бүгін Оралдағы тұрмысы төмен 127 отбасында 200-ге тарта бала тәрбиеленуде. Дегенмен, орманды мекендеген өзге отбасылардың бар-жоғы белгісіз болып отыр.

Еркін ҚАРИН