$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Чехия командасын қабылдаған еліміздің ұлттық құрамасы 4-2 есебімен ұтылып қалды

AstanaTV
14.10.2014ж. 20:00
1159
Чехия командасын қабылдаған еліміздің ұлттық құрамасы 4-2 есебімен ұтылып қалды

Футболдан Еуропа чемпионатына іріктеу жарыстары жалғасуда. Бұл сында Чехия командасын қабылдаған еліміздің ұлттық құрамасы 4-2 есебімен ұтылып қалды. Бұл сәтсіздігінен кейін Юрий Красножанның шәкірттері турнир кестесінің 5-сатысына түсіп қалды.

Бұған дейін Голландия командасына есе жіберіп қойған Қазақстанның ұлттық құрамасы бұл жолы Чехиядан келген футболшыларға жол берді. Бұл ойындағы алғашқы голды қонақтар сапында Дочкала соқты. Бұл голдан кейін шабыттанған Павел Врбаның шәкірттері үзіліске дейін есепті еселеді. Әріптесінің пасынан кейін мергендігімен танылған Давид Лафата мүлт кетпеді. Екі голмен шектеліп қалмаған Чехия құрамасы екінші таймның басында есепті ұлғайтты. Бұл сәтте Крейчи қақпашы Андрей Сидельниковты қапы қалдырды.

Қақапаларына қатарынан үш гол жіберіп алғанына қарамастан, жасымаған алаң иелері ұрымтал сәттің бірінде есепті қысқартты. Қақпа алдында қараусыз қалған Юрий Логвиненко жанкүйерлер қуанышына бөленді. Бірақ қуаныш көпке созылмады. Қарымта шабуылға шыққан қонақтар есепті 4-1-ге жеткізді. Қорғаушылар қателігін сәтті пайдаланған Томаш Нецид шеберлігімен көзге түсті. Дегенмен, бұл ойындағы соңғы нүктені Қазақстан құрамасы қойды. Кезекті бұрыштама кезінде жеке шеберлігімен танылған сол тағы Логвиненко дубльдің авторы атанды.

Юрий Красножан, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

Болмашы қателіктер салдарынан біраз гол жіберіп алдық. Бірақ өзімізге берілген мүмкіндіктердің тіпті тең жартысын жүзеге асырғанда, ұтылмас едік. Бізге сәттілік жолдас болмады. Әйтпесе футболшылар аянып қалмады.

Сонымен үш ойында үздік шыққан Чехия командасы 9 ұпайды олжаласа, үлесінде 1 ұпайы бар Қазақстан құрамасы 5-сатыға түсіп қалды.

Самат ҚАНАҒАТОВ