Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Шымкенттегі Ақжайық шағын ауданының халқы ауыз суға зәру

AstanaTV
14.10.2014ж. 20:00
1791
Шымкенттегі Ақжайық шағын ауданының халқы ауыз суға зәру

Шымкенттегі Ақжайық шағын ауданының халқы қара суға зәру. Тіршілік нәрі бұл аумаққа осыдан екі жыл бұрын берілгенімен, халық суды апталап күтеді.  Айтуларынша, су жүйесі соңғы жарты жылдан бері жиі ажыратылатын болған. Тіршілік нәрінің тақсыретін тартып жатырмыз деген ағайынның арызын Айзада Төребекқызы тыңдап қайтты.

Саламатсыз ба, апай, бір шелек су ала тұрайыншы, үйде су жоқ еді.

Ыдысын құшақтап көршілерді аралап су сурау Ақжайық шағын ауданы  тұрғындары үшін үйреншікті көрініске айналған. Мұнда ауыз су қат. Жақсан Исаеваның 2 тонналық бөшкесі көрші-қолаңның әжетіне жарап тұр. Бұл көшеде мұндай ыдыс көп емес. «Сондықтан барынша үнемдеп, тіпті бөлісіп ішуге тура келеді»,- дейді тұрғындар. 

Дильбар Ешанова, Ақжайық шағын ауданының тұрғыны:

Бір күн берсе, жиырма күн өшеді. Екі күн берсе, он бес күн өшеді. Судан қиналып кеттік. Бір емес, шиеттей төрт бала-шағам бар үйде. Мектепке барады. Мектепке барғанда, жолдың шаңы. Қыздар екі күн сайын кофта ауыстыру керек. Кір жуатын су керек. Қалаға барып жуындырып келеміз бала-шағамызды. Мектептен де алып қаламыз сол үшін, апайларына су жоқ, су бар жерге барып келейік дейміз.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Ақжайық шағын ауданындағы су ағарлар көрмеге қойылған зат секілді. Қалбиып тұрғаны болмаса, қайыры шамалы дейді тұрғындар. Құрбан айттың қарсаңында үш-төрт күнге берілген тіршілік нәрі өткен сәрсенбіден бері тағы тоқтапты. Бір тамшы да тамып тұрған жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, ауыз су беру мыңнан астам отбасы тұратын бұл аумақта осы көктемнен бері жиі тоқтатылады. Сол себепті мүмкіндігінше су аққанда ыдыс біткенді толтырып алады екен. Ал бар суды тұтына алмау себебін  жауапты орындар су жүйелеріндегі ақаумен байланыстырған. Қызығы - сол су жүйесінің пайдалануға берілгеніне бар болғаны екі-ақ жыл болған.

Сұлушаш  Өміртаева, Ақжайық шағын ауданының тұрғыны:

Водоканалдың жауабы - подрядчиктер істеген. Солар жауап беру керек. Сендерге нашар шланга тартқан дейді. Құбырларының бәрі өтірік дейді. Ақшаның бәрін жеп кеткен. Солар істеу керек дейді. Сендердің көрген күндерің осы деді.

Жақсан Исаева, Ақжайық шағын ауданының тұрғыны:

Халықтың қиналатынын біледі ғой, неге қабылдап алады комиссиялар. Жарылатынын біледі екен. Дұрыс қойылмағанын біледі екен. Енді біз не істеуіміз керек, сонша халық шырылдап су-су деп. Қай жаққа барамыз?

Шын мәнінде судың тұрақты берілмеу себебі неде? Жауапты орындар осы сауалға келгенде тартысқа жол берді.

Мақсұт Қаратаев, «Су арнасы» МКМ учаске бастығы:

Қазір енді әр трубадан жарылғаннан кейін суды жауып қойған. Өйткені айына әжептеуір шығын шығады. 300-400 мың жеке ақша далаға су боп ағып кетеді. Сол себептен қазір су жабық тұр.

Нұрлан Қараев, «Энергиястройсервис» ЖШС директорының  міндетін атқарушы:

Қай жері жарылған бізде? Еш жері, қай жері жарылды? Жарылған жоқ . - Сіздің салған құбырыңыз қанша қысымға шыдас беруі тиіс? 8-9 қысыммен қабылдап өткізгенбіз уақытысында. Біз нормально өткізгенбіз уақытысында.Технадзор қабылдаған. Комиссия болған. Бұл кісі учаске бастығы ғой. Көзбе-көз айта алмайды ғой. Заңды түрде қабылданған нәрсе ғой.

Осылайша, әр мекеме өз басын алып қашты. Кінәні өзгеге артқандар ақыр соңы су дәу де болса, негізгі су жүйесі тартылған үлкен құдықтың опырылуынан тоқтап қалды деген тоқтамға келді. Төрт-бес күн бұрын бетондалған құдықты ауыр жүк көлігі езіп кетсе керек. Бірақ бір түсініксізі, Ақжайықтағы мыңдаған отбасының  бір шелек суға зарығып қалғаны кеше басталған қиындық емес. Жарты жылға жуықтаған жағдай. Ал осы кезде мәселені тілшілерден естідік деген жергілікті билік ертеңнен бастап ауыз судан тапшылық болмайды деп сендірді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ