Қамауда жатып-ақ, қалтаны қалыңдатты. Шымкентте түзеу колониясында жазасын өтеуші құмар ойынының көрігін қыздырып келген. Ал түскен қаржы трансұлттық қылмыстық қауымдастықтың қызметін қаржыландыруға аударылып отырған. Бұл жайында арнамызға Әл-Фараби аудандық сотының судьясы айтты.
Ермек Есіркепов, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы:
Жұмаев өзінің сыбайластарымен бірге заңсыз құмарлық ойындарын ұйымдастырып, осы заңсыз қызметтен түскен қаражаттың бір бөлігін Ресейдегі өзінің сыбайластарына аударып отырған. Трансұлттық қылмыстық қауымдастықтың қызметін қаржыландыру мақсатында осы қаражаттың бір бөлігін аударып отырған.
Сондай-ақ судьяның айтуынша, жазасын өтеуші, 23 жастағы жігіт, қазір уақытша ұстау изоляторына ауыстырылған. Әл-Фараби аудандық
сотының судьясы Аслан Жұмаевты «қамауға алу» бұлтартпау шарасына сай екі ай
мерзімге санкция берді. Аталған соттың мәліметтеріне сай, айыпталушы өткен
жылдың наурызында «ауыр дене жарақатын салу» бабымен алты жылға сотталған.
Қызылорда облысының тумасы түрмеде отырып карта және одан басқа да құмар ойындарды сыбайластарымен бірлесе
отырып қыздырғанын айтты. Заңсыз ойынды ол түрме ішінде былтырғы қыркүйек
айынан осы жылдың мамыры аралығында жазасын өтеушілер арасында ойнатып келген.
Алдын-ала тергеу деректеріне сүйенсек, көлеңкелі бизнестен түскен қаржыдан 6
млн теңгені банк арқылы Мәскеуге аударуға келіскен сыңайлы. Қазір аталған дерек
бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. «Қылмысы
дәлелденсе,
оның жазасы ауырлайды», - деді судья.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ