$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Бүгін ел аумағында ресми түрде жылу беру маусымы басталды

AstanaTV
15.10.2014ж. 20:00
1321
Бүгін ел аумағында ресми түрде жылу беру маусымы басталды

Бүгін ел аумағында ресми түрде жылу беру маусымы басталды. Алайда, Семейдің бірқатар тұрғын үйі бұл игіліктен қағылып отыр. 120-ға жуық көп қабатты баспана тұрғындары 360 млн теңге қарыз. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қарыз толықтай өтелмей жылу берілмейді. Жылу тұтастай тұрғын үйлерге берілмей отыр. Бірақ берешегі барлармен қатар, тиісті төлемін дер кезінде жүргізетін тұрғындар да қиындыққа тап болуда.

Қарызы барлардың үйлеріне келген сантехниктер полиция инспекторларымен бірге батареяларды кесіп жатыр. Алайда бірен-саран борышкер үшін өзгелердің жылусыз қалуы ешкімді алаңдатпайтын сияқты. Жылу желісі кәсіпорны өкілдерінің пікірінше, бұл амалсыз жасалған әрекет. Тұрғындардың қарызы қордаланған. Ал жылу электр орталығы мен қазандықтардың, жылу мен суға берешегі бүгінде 700 млн теңгеге жуықтапты. Оның үстіне, энергетиктердің еңбекақысы тағы бар. Өз кезегінде тұрғындар көршілерінің берешектерін жабуға шақырады.

Рымбек Әбілқасымов, Семей қаласының тұрғыны:

Біз жылу үшін төлемейтіндердің кесірін көріп отырмыз. Қолымызда сақадай сай отырғанымызды көрсететін куәлік те бар. Ал мына бір үй үшін бізге жылу берілмей жатыр. Біздің берешегіміз аз ғана. Мысалы, анау жүрген апайдың мүлдем қарызы жоқ. 

Семей қаласының әкімдігі, жергілікті ЖЭО-да көмір жеткілікті екендігін жеткізді. Әзірге 140 мың тонна. Оны сатып алу үшін Үкімет қорынан 638 млн теңге бөлініпті. Жалпы шаһарда жылу беру маусымын ойдағыдай өткізу үшін 400 мың тонна отын қажет. 


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ