Отандық препараттардың ішкі
нарықтағы үлесі небәрі 15%. Бұл тым аз. Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов
бүгін осы мәселені көтерді. Айтуынша, елімізде «Фармацевтика өндірісін дамыту»
деп аталатын ірі бағдарлама қабылданған. Алайда аты бар да заты жоқ құжат
күрделі жағдайды шешуге қауқарсыз. Үкіметке арнайы сауал жолдаған Парламент
өкілі осыған алаңдаушылық білдірді. Бағдарламада Қазақстанда шығарылған дәрі-дәрмек
мөлшерін жыл аяғына дейін 50 пайызға
жеткізу керектігі жазылған.
Бірақ депутат мұның мүмкін еместігін айтады. Себебі
біздегі фармацевтика өндірісі шеттен келетін шикізатқа тәуелді. Атқарушы билік,
«тығырықтан шығудың жолын табуы керек» деген
Өмірзақов біздегі өндірістің ең арзан сапасыз дәрілерді ғана шығаруға
шамасы келетініне күйінеді. Айтуынша, «сан түрлі сырқатты емдеп жаза
алатын керемет препараттарды
өзімізде шығаруға болады. Ол үшін қажетті
шикізат, дәрілік өсімдіктер жеткілікті».
Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз 2011 жылы 49 процентке
жеткенбіз. Енді неге ол түсіп қалды, неге жағдай күрделі біздің фармацевтика
саласында? Жақсы 1 дәріні шығару үшін 1 млрд ақша керек, бірақ біз ондай дәріні
шығаруға бұдан мың есе төмен ақша бөлеміз. Бұл болмайды, сондықтан біз өз
қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек, отандық фармацевтика үлесін тым болмағанда 30 пайызға жеткізуіміз керек.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА