$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Қытайдан келген үш турист Денге безгегінен емделіп жатыр

AstanaTV
15.10.2014ж. 20:00
1266
Қытайдан келген үш турист Денге безгегінен емделіп жатыр

Қара құрлық емі жоқ Эбола індетінен құтқарар вакцина таба алмай, әуреге түсіп жатқанда, Азияны Денге безгегі жайлап барады. Жыл басынан бері Алматыда осы қауіпті ауруды жұқтырған 5 адам анықталды. Олардың барлығы өзге елге демалысқа барған. Денге дерті қазір Таиланд, Вьетнам, Индонезия, Куба және көрші Қытайда өршіп тұр. Соңғы мәлімет бойынша, Қытайда ауруды жұқтырғандардың саны 30 мыңнан асып жығылған. Қазақстандық эпидемиолог-дәрігерлердің айтуынша, біздің елде бұл індетке шет елдерден оралғандар шалдыққан. Денге дертінің алғашқы белгілері туралы, науқастарды емдеп жатқан дәрігерлер айтып берді.

Күләш Құрманова, С. Асфендияров атындағы ҰМУ профессоры:

Аурудың жасырын уақыты болады. Бірнеше күннен 14 күнге дейін созылады. Одан кейін клиникасы басталады. Одан адамдардың температурасы көтеріледі. Кейбір жағдайда 39-40 градусқа дейін барады. Сол уақытта теріде қанталау байқалады. Кейбір адамдардың аяқ қолы, денесі қызарады. Мұрыннан кейде қан ағады. Ауырып кеткен адамдарда бұл ауруға иммунитет пайда болады. Ал накты вакцина жоқ бұл ауруға қарсы.

Безгектің қоздырғышы тропикалық өңірлерде мекендейтін масалар. Сондықтан құзырлы органның өкілдері Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сапар шеккенде қауіпсіздікті қатаң сақтауға шақырады. Тіпті нақты қай мемлекеттерде індеттің жұғу қаупі жоғары екенін атады.

Жанар Иманбекова, Алматы қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы:

Алматы қаласында 5 жағдай тіркелді, оның төртеуі лабораториялык түрде расталды. Денге қызбасы  - тұмау сияқты масса шаққаннан берілетін аса ауыр инфекция. Таиланд, Малайзия, Индонезия, Индия тағы да басқа мемлекеттерде тіркеледі. Біз туристік фирмаларға хат жібергенбіз. Денге лихорадкасына ауыр формасына уақытылы дәрігерлік көмек алмаса, 5 пайызы өлімге әкеледі. 

Б. ХАСЕНОВ