$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қостанай облысында отбасылық балалар үйінің құрылысына қаржы жетпей қалды

AstanaTV
16.10.2014ж. 10:00
1512
Қостанай облысында отбасылық балалар үйінің құрылысына қаржы жетпей қалды

«Жетім көрсең жебей жүр, қолтығынан демей жүр». Қостанай облысында тұратын Төлегеновтер әулеті қайырымды жандардың көмегіне мұқтаж көп балалы отбасы осыдан екі ай бұрын «Отбасылық балалар үйін бірге салайық» жобасы аясында баспана салуға бел буған. Игі бастамаға Облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ өкілдері қолдау көрсетіп, қомақты қаражат жинауға қол ұшын созыпты. Бірақ 5 миллион теңге тек іргетасы мен бірінші қабаттың қабырғасын қалауға жеткен.

Гүлжаухар Қабдыкәрімқызы жұбайымен бірге тоғыз бала тәрбиелеп отыр. Оның сегізін жетімдер үйінен асырап алған. Төлегенов шаңырағы әртүрлі ұлыстың ұрпағы тоғысқан шағын диаспора іспеттес. Бұл отбасында орыс, қазақ, татар балғындары тату-тәтті тұрып жатыр. Қарындары тоқ, көйлектері көк. Олардың тек жалғыз арманы бар. Зәулім үйде өмір сүргісі келеді. Қазіргі баспаналары тарлық етеді.

Дария Хабибулина, қызы:

Чтобы у нас большой дом был. И у каждого своя комната была.

Көп балалы ана күн сайын балаларын ертіп, құрылыс басына келеді. Құрылысшылар қарашаға дейін бірінші қабатты салып бітірмек. Егер ақша табылса, жұмыс жалғасады. Қаражат болмаса, құрылыс тоқтайтынын айтқан.

Гүлжаухар Төлегенова, көп балалы ана:

Бірақ ақша ары қарай жинаймыз. Адамдар іздейміз деп жатыр осы үйді салып беруге. Енді біздің болашақтағы ойымыз - осы жерде бау-бақша отырғызамыз және де кішкентай шаруашылығымыз болады. Мал ұстап, балаларды еңбекке баулимыз деп ойлаймын.

Көп балалы отбасы үшін салынып жатқан баспананың құрылысы екі ай бұрын басталған. Егер қалталы, қайырымды азаматтар қаражат берсе, бұл жерде екі қабатты, сегіз бөлмелі биік, зәулім үй бой көтермек. Яғни, Төлегеновтердің арманы орындалуы үшін тағы 19 миллион теңге керек.

Айтуларынша, Қостанай ауданының басшылары көп балалы отбасыға көмек ретінде жер телімін бөліп, үйді салатын мердігер ұйымды арзан бағаға келістіріп берген көрінеді. Ал кәсіподақ өкілдері жеке кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындарды қайырымдылық жасауға шақырып жатырмыз, дейді.

Зияда Делдібекова, Қостанай облысы «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» бірлестігінің төрайымы:

Орта бизнестің басшылары мен меценаттар клубы бізді қолдап, өздерінің үлесін қосса, сол балалар тезірек сол үйде өмір сүрсе, бақытты болар еді деп ойлаймын.

«Отбасылық балалар үйін бірге салайық» жобасы Қостанай облысында алғаш рет қолға алынып отыр. Қазіргі таңда қайырымдылық шарасына тек білім саласының өкілдері бір кісідей ат салысуда. Қалғандары қайырымдылық жасауға асығар емес.

Заңғар САНАЙ