$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қызылорда қаласына қарасты Жақыпбек Маханбетов атындағы ауыл үлгілі елді мекендер қатарынан үмітті

AstanaTV
15.10.2014ж. 20:00
3669
Қызылорда қаласына қарасты Жақыпбек Маханбетов атындағы ауыл үлгілі елді мекендер қатарынан үмітті

Қызылорда қаласына қарасты Жақыпбек Маханбетов атындағы ауыл үлгілі елді мекендер қатарынан үмітті. Тұрғындар ел аумағында  наурызда бастау алған «Нұр Отан» партиясының «Біздің ауыл» жобасының шапағатын көріп отыр. Билеуші партия мен жергілікті кәсіпкерлердің бірлесіп атқарған жұмысы ауыз толтырып айтарлық.

Ауыл ақсақалы Қадыр Әмзеев туған жердің бүгінгі тыныс-тіршілігіне риза. Көнекөз қария алға ілгерлеушілік барына тәубе етеді. Ол Тағзым алаңы ашылған күнді тарихи күн деп санайды. Осындай алаңның қажеттігі жөнінде ауыл ақсақалдары бірнеше жыл бойы мәселе көтерген еді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді алға тартқан қарттар талай табалдырықты тоздырғандарын еске алады. Билеуші партияның араласуымен, құны жеті жарым миллион тұратын мемориал ашылған.

Қадыр Әмзеев, Ж. Маханбетов ауылының еңбек ардагері:

Кешегі ел басына күн туған заманда, Ұлы Отан соғысында елді өзінің батылдығымен қорғаған қаншама ағаларымыз, аналарымыз бар осы жерде. Бейбіт өмір жағдайында одан кейінгі еңбек еткен кісілеріміз осы екі жағында, екі қанатта тұр.

Сол сияқты жуырда балабақшаның ашылуы - көпбалалы отбасылар мен еңбек етіп жүрген аналар үшін көптен күткен қуаныш. Бір жыл ішінде екі бірдей мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме ашылған. Бірі - Наурыз мөлтек ауданындағы «Наурыз бөбегі» ертегі мекені. 75 бүлдіршінге арналған балабақшада бүгін 50 бала тәрбиеленуде.

Айна Байсақалова, балабақша меңгерушісі:

Балалар балабақшада үш тілде оқу-іс әрекетінде білім алып жатыр. Қазақ тілі, орыс тілінде, ағылшын тілінде. Жалпы көздеген мақсатымыз - егеменді еліміздің болашағы – балаларымызға - сапалы білім беру.

Қазір тіс емханасының құрылысы қарқын алған. Сондай-ақ, сығымдалған тұрмыстық газ құятын бекеттердің жұмысы қызған.

Өлмесхан Болатбеков, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Біздің ауыл бүгін жалпы тұрмыс-тіршілікке, жастардың өсуіне, қарттарға қызмет жасауда, аналарға орнықты орын болатындай, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, ауылдар қатарынан орын алатын ауыл деп бағалап отырмыз. Ауылдағы ардагерлер кеңесі, ауылдағы әртүрлі қоғамдық ұйымдардың барлығы. «Біздің ауыл» жобасына қатысуда өзіндік орындық үлесін қосып жатыр.

Айта кететін тағы бір жайт, бұл ауылда соңғы жылдары қылмыс немесе заң бұзушылық деректері тіркелмеген. Тентектерін ауылдағы ағайын ортаға салып, өздері тәрбиелеп алуды әдетке айналдырыпты. 4 мың 65 адам тұратын кішігірім ауылдың бүгінде береке мен бірлігі жарасқан. 

Шарипа САҚТАПОВА