$485.11 €523.82 ₽5.02
×

19 қазанда Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғайды

AstanaTV
16.10.2014ж. 20:00
1681
19 қазанда Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғайды

19 қазанда АҚШ-тың Карсон қаласында кәсіпқой бокс кеші өтеді. Басты жекпе-жекте орта салмақтағы әлем чемпионы қарағандылық Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғайды. Алтын белбеуден үміткер - Мексика спортшысы Марко Антонио Рубио.  Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады.

Қазақстандық кәсіпқой бокшы Геннадий Головкиннің есімі әлемдік БАҚ өкілдерінің аузынан түсер емес. Соңғы жылдары орта салмақта қарсылас шақ келтірмей жүрген қарағандылық саңлақ талай мықтылардың сағын сындырып, жігерін құм қылды. Отандасымызға қарсы рингке шыққан Гжегож Прокса, Габриэль Росада, Набохиро Ишида, Мэтью Маклин, Кертис Стивенс, Осуману Адама және Даниэль Гил ауыр соққылардың астында қалып, отандасымыздың қарқынына қарсы тұра алмады.

Ендігі кезек мексикалық Марко Антонио Рубиоға келді. Табиғатынан шыдамды, ауыр соққыларға төзе білетін мексикалық спортшылар ашық шайқастың хас шебері. Солардың бірі Головкиннің келесі қарсыласы Рубио кәсіпқой бокста 66 жекпе-жек өткізіп, оның 59-да үздік шықты. 51 кездесуінде қарсыластырын уақытынан бұрын жеңген ол алты кездесуінде ұтылды. Қазіргі уақытта Марко Антонио Рубио, Бүкіләлемдік бокс кеңесінің тұжырымы бойынша, уақытша чемпион.

Геннадий Головкинге келсек, кәсіпқой бокста өткізген 30 кездесудің барлығында мерейі үстем болған 32 жасар жерлесіміз әлі ұтылып көрген жоқ. 27 жекпе-жекте Головкиннің қарсыластары оңбай таяқ жеп, рингте сұлап жатты. Бокс мамандары бұл жолы да жеңісті қазақстандық былғары қолғап шеберіне беріп отыр. Қазіргі уақытта орта салмақта әлем рейтингінің көшін бастап тұрған отандасымызға назар ерекше. Жанкүйерлер тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырған қарағандылық бокс мектебінің түлегіне арнап бірнеше бейнеклип те түсіріліп үлгірді. Геннадийдің жетістігіне арнап алғаш әнді белгілі шоумен Әнуар Нұрпейісов шырқады. Шет елдегі Головкиннің фанаттары да қалыс қалмай, жақында «Мексикалық Стиль» атты жаңа бейнеклип түсірді. Бұл әнде отандасымыздың қайсар мінезі мен жойқын жұдырығы тілге тиек болды.

Тағы бір айта кететін жәйт. Бұл кездесуде Геннадий Головкиннің екі бірдей алтын белбеуіне қоса, Бүкіләлемдік бокс кеңесінің уақытша чемпиондық атағы сарапқа салынады. Егер бұл жепе-жекте Геннадий Головкин үздік шықса, онда ол қазіргі чемпион пуэрторикалық Мигель Коттомен чемпиондық белбеулерді біріктіру кездесуін өткізуге мүмкіндік алады.  

Самат ҚАНАҒАТОВ