$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Ауыл шаруашылығы экс-вице-министрі 10 жылға бас бостандығынан айырылды

AstanaTV
16.10.2014ж. 20:00
1573
Ауыл шаруашылығы экс-вице-министрі 10 жылға бас бостандығынан айырылды

100 мың доллар пара үшін айыпталған бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев 10 жылға сотталды. Жылға жуық созылған сот процесінде 40-қа жуық куәгер тыңдалды. Қорғаушы тарап істі қосымша тергеуге жіберу туралы өтініш түсіріп те көрді. Куәгерлерді күдікті ретінде қайта жауапқа тартуды да сұрағаны есімізде. Алайда сот, адвокаттардың сұранысын қабылдамады. Ал бүгін шешім шығарды.  Жұрағат Баман тарқатады.

Айыпталушының кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы бар. Мемлекеттік қызметте мінсіз еңбек еткен. Алайда бұл факторлар сот шешімін жеңілдетуге еш септігін тигізе алмады. Он жыл. Бүгін Астана қалалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мүслім Өмірияевқа қатысты осындай үкім шығарды.

Ербол Рақымбеков, Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Сот шешімімен Өмірияев Мүслім Тайырұлы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 311-бабы, 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жеке мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтесін. Сондай-ақ ол бостандыққа шыққаннан кейін 7 жыл бойы мемлекеттік қызметке араласу құқығынан айырылады.

Сот процесіне ұзын саны 40 куәгер тартылған болатын. Олардың ішінде Өмірияевқа пара ретінде табысталған қомақты қаржыны Алматыдан жеткізіп берген Олег Ермоленко, министрліктің мемлекеттік сатып алуларға жауапты вице-министрі Гүлмира Исаева да болды. 

Аусыл індетіне қарсы вакцина сатып алумен айналысатын алматылық «Ветснаб» және «Алматы трейдинг» серіктестіктерінің бастығы Дмитрий Вольцберг те сот алдында жауап берді. Ол вакцина сатып алу кезіндегі байқау барысында басшылық тарапынан еш қысым және килігулер болмады деп мәлімдеп, Мүслім Өмірияевтің тендерге қатысты істе ешкімге жекелеген тапсырма бермегендігін айтқан болатын. Экс-шенеуніктің кінәсін министрліктің кадр бөлімі бастығы Жолдымұрат Аманбаев та жоққа шығарған еді.

Жолдымұрат Аманбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің әкімшілік қамтамасыз ету департаменті директоры (04.09.14 ж.):

Арест Умирьяева стал неожиданным для всего коллектива. За время его работы никаких таких отрицательных моментов никогда в работе не было. 

Барлық куәгерлер тыңдалып болғаннан кейін, адвокаттар Өмірияевтің ісін қосымша тергеуге жіберу туралы өтініш жасаған болатын. Нақтыласақ, қылмыстық іске қатысты куәгер ретінде жауап беріп жатқан Станислав Макаренко мен Евгений Антимоновтың ісін қайта қарауды өтінген-ді. Алайда судья Ербол Рақымбеков аталған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз жоқ, деп шешті.

Ербол Рақымбеков, Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы (08.10.14 ж.):

Суд постановил: ходатайство адвоката Русина, заявленное в интересах подсудимого Умирьяева, о возвращении уголовного дела для дополнительного расследования отклонить.

Сот процестері барысында  мемлекеттік айыптаушы соттан экс-шенеунікті 12 жыл бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұраған. Ал еліміздің ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков өзінің орынбасары ұсталған кезде, Мүслiм Өмiряевтың сыбайлас жемқорлық фактiсi бойынша кiнәсi дәлелденсе, өз қызметiн босатуға даяр екенiн мәлiмдеген болатын.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылық министрі  (24.12.13 ж.):

Оны сот және қылмыс тергеу барысында тергеледі деп ойлаймын. Өйтіп айта алмаймын, бірақ та оның осындай және министрліктегі біздің қызметкерлермен сөйлескенде, ешқандай конкурс барысында не теріс, не оң анықталмады.

Жалпы сот процесі бір жылға жуық созылды. Енді экс-шенеунік темір тордың ар жағында қалған 9 жылын өткізбек. Ал экс-шенеуніктің адвокаты Владимир Русин сот шешімімен келіспейтіндігін мәлімдеді. Қорғаушы тарап шағым түсірмек.

Мы не согласны с решением суда. Все не мешайте работать. Убери камеру.

Еске салайық, Мүсілім Өмірияевті қаржы полициясы өткен жылдың желтоқсан айында тұтқындады. Полицейлер оның пәтерін тінту кезінде көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан 100 мың доллары бар пакеттің сыртқа лақтырылғанын байқайды. Кейіннен қомақты қаржының экс-шенеуніктің пәтері терезесінен тасталғаны анықталады. Өмірияевке аусыл індетіне қарсы вакцина сатып алу кезінде байқауға қатысқан кәсіпкерден аса ірі көлемде ақша бопсалады деп айып тағылды. Экс-вице-министр алғашқыда 6 миллион 950 мың, кейін тағы 100 мың доллар пара талап етсе керек. Ол сотта өз айыбын мойындаған жоқ. Десе де, қомақты ақшаны алу дерегін ішінара растады. Тек оны параға жатқызбады.

Жұрағат БАМАН