Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстан инновациялық технологиялар шығаруға 110 миллион АҚШ валютасын жұмсайды

AstanaTV
14.01.2016ж. 20:00
2216
Қазақстан инновациялық технологиялар шығаруға 110 миллион АҚШ валютасын жұмсайды

Ал Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов дағдарыс жағдайында шикізаттық тәуелділіктен арылу үшін ғылымға ден қоюдың маңызы зор екенін айтады. Бұл мақсаттағы іс шаралар жоқ емес, бүгінде Назарбаев университетінің зерттеу орталығында 400 жас ғалым еңбек етуде. Оның 200-і - «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Министр Қазақстанның болашақта инновациялық технологиялардың әлемдік нарығына шығарына сенімді. Дегенмен, әзірге әлемге ұсынар жаңалығы шамалы секілді.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Өзім білетін үш жоба бар. Өткен жылы диагностикаға арналған технология шығарылған. Ол «Силиконовая долина» дейміз ғой, сол жерде өткен конкурста сол жоба бірінші орынға ие болған.

Қазақстан отандық ғалымдардың өндірісте қолданылатын инновациялық технологиялар шығару ісін ынталандыруға 110 миллион АҚШ валютасын жұмсамақ. Бұл 40 миллиард 150 миллион теңгені құрайды. Қомақты қаржының 32 миллиард теңгеден астамын мемлекет Халықаралық қайта құру және даму банкінен 15 жылға шетел валютасымен қарызға алады. 22 миллионы мемлекет қазынасынан қаралмақ. Халықаралық қаржы ұйымы мен Қазақстан арасындағы тиісті келісімді ратификациялайтын заң жобасын Білім және ғылым министрі бүгін Сенатта  таныстырды.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Жоба аясында бес бағытта қаржы бөлінеді. 30 миллион АҚШ валютасы тың инновациялық жобаларға берілмек. Бір жобаға 400 мың доллар қаралған. Жоспар бойынша үш жыл ішінде дайын инновациялық өнім шығаратын 100-ге тарта жаңа кәсіпорын ашылуы тиіс.

Жаппай үнемдеуге қарамастан, министрлік ғылым саласынан қаржы аяп қалмақ емес. Жобаларды іріктеп отыратын халықаралық кеңес құру жоспары да бар. Оның құрамы елу де елу тәртібімен отандық және шетелдік сарапшылардан жасақталмақ. 2 миллион АҚШ ақшасы болашақ өнімді нарыққа шығаратын брокерлерге төленеді. Тағы 35 миллион көк қағаз Ұлттық зерттеу институты мен кәсіпорындар арасында құрылатын консорциумға жұмсалады. "Батыл идеяларды іске асыруға үш жыл жеткілікті", - дейді Сәрінжіпов. Тек кей жоспарлардың болашағына сенаторлар күмән келтірді.

Ляззат Қиынов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жаңа технологияларды пайдалану зертханалық консорциумын құру ісіне өндіріспен айналысып отырған бірде-бір кәсіпорын кірмейді. Олардың өндірісте сыналуына да қаржы бөлінбейді. Менің ойымша, осы жағын ойластыру керек.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ