Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген 100 млрд теңге игерілді

AstanaTV
21.10.2014ж. 10:00
935
Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген 100 млрд теңге игерілді

«Ұлттық қордан  6 ай бұрын өнеркәсіп саласындағы шағын және орта бизнесті қолдауға  бөлінген 100 млрд теңге толық игерілді». Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің» басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлімдеді. 

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

Соның барлығы кәсіпкерлердің қолына жетті. Сол қаражаттың нәтижесінде бүкіл республика бойынша 437 кәсіпорын қаржыландырылды. Соның ішінде 23 жаңа жоба ашылды.

Қаржының төрттен бір бөлігі тамақ өнеркәсібі саласында жаңа кәсіпорындар ашуға жұмсалған. Құрылыс материалдары өндірісіне 23 млрд теңге бөлініп, 90 жоба қаржыландырылды. «Шағын және орта бизнеске бөлінген қаржы 20 жыл көлемінде 250 млрд теңге болып салық түрінде қайтады», - деді Қуандық Бишімбаев. Айтуынша, соңғы бір жылда мемлекет тарапынан қолдау тапқан 465 кәсіпорынның қатары 20 жылдан соң 1300-ге дейін артуы тиіс.

Алдағы уақытта «Бәйтерек» холдингіне Ұлттық қордан тағы 75 млрд теңге бөлінеді. Ол қаржы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының келесі бес жылдығын жүзеге асыруға жұмсалмақ. «Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға да қолдау көрсетіледі», - деді басқарма төрағасы.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ