$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Жас Отан» «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыбында игі шаралар ұйымдастырды

AstanaTV
20.10.2014ж. 20:00
2143
«Жас Отан» «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыбында игі шаралар ұйымдастырды

«Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы». Осындай тақырыппен еліміздің барлық аймақтарында «Жас Отан» жастар қанаты игі шара ұйымдастырды. Шараға ат салысқан әр аймақтың студент жастары қоғамда белең алған жемқорлық жайында сөз қозғап, өз ойларымен бөлісті.

Қостанайдағы жоғарғы оқу орындарының бірінде бас қосқан белсенді топ әуелі «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасының жобасымен танысты. Бұдан кейін жалынды жастар өз ойларын білдіріп, ұсыныс-тілектерін жеткізді. 

Марғұлан  Бәкір,  «Қазақстан-2050» жалпы ұлттық қозғалыстың өңірлік өкілі:

Осындай кездесулер өткізе берсек, жастардың санасына, түйсігіне,  біріншіден, патриоттық сезім - отансүйгіштік, екіншіден, сол жастардың сана-сезіміне жақсы бір ой қалдырып, жақсы жолға тәрбиелейтін жақтары бар. 

Шымкенттік жастар да жемқорлық мәселесін жан-жақты талқыға салды. Әсіресе жоғары оқу орындарында белең алған «парақорлықты» тілге тиек етті. Тіпті белсенді буын студенттер арасында арнайы астыртын  сауалнама жүргізіп, бағаны сатып алудың бағамын анықтапты. Мысалы, курстық жұмыстардың құны 3 мыңнан  15 мың теңгеге дейін. Ал диплом алғың келсе, 80 мың теңге керек екендігі айтылды. Бұл тұрғыда жастар да сыбайластыққа сыр алдырмауы тиіс. Білімді сатып алғаннан гөрі, ізденіп  оқыған жөн. Пікірталасқа қатысушылар осындай орамды ойларын ортаға салып, күллі қазақ жастарын жемқорлыққа қарсы күреске үндеді.

Бауыржан Молдабеков, «Жас Отан» ЖҚ ОҚОФ атқарушы хатшысы:

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте шешуші және соңғы сөзді жастар айту керек. Біз осыны жастарға үгіттеп, солармен талқылап, қазіргі таңда жаңа пікірлерді білгіміз келіп отыр олардың арасында. Өздеріңіз білесіздер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте партияның саяси доктринасында негізгі құндылықтар - ол салт-дәстүр, заңның үстемдігі секілді  құндылықтарды алға шығарып отыр. Осы мақсатта біз жұмыс жасап жатырмыз.

«Жемқорлығы жоқ елдің болашағы зор». Бұл Өскемен жастарының өрелі ұраны. Жас отандықтар өткізген елеулі шараға шығыс өңірдің өкілдері де өзіндік үлес қосты. Өңір жастары жең ұшымен жалғасқан жемқорлықты жеңудің жолы - бірігу, бірлесіп, қарсы тұру екенін баса айтты.

Маржан Бақыт, «Жас Отан» ЖҚ  ШҚОФ атқарушы хатшысы:

Дәл қазіргі уақытта біз жастар жақсы түсінеміз. Өйткені осы бағдарламаны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де біздер боламыз. Себебі Елбасы әрқашан жастарға сенім артады. Мемлекеттің болашағы біз болғандықтан, кез-келген осындай фактілерге біз көз жұмбауымыз керек.

«Жас Отан» жастар қанатының  жемқорлыққа қарсы бағытталған  игі шарасы ел аумақтарында осылай жарқын көрініс тапты. Келешек үшін жасалған келелі кездесуге жастар ұйымдарының көшбасшылары мен «2050» жалпы ұлттық қозғалысының өңірлік  өкілдері айрықша ат салысқандығын атап өткен жөн.

Заңғар САНАЙ  Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ  Ирина ЯКУНИНА