$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Мұнай-газ саласындағы шетелдік компаниялар қазақстандық үлесті қаншалықты сақтап отыр?

AstanaTV
21.10.2014ж. 20:00
2832
Мұнай-газ саласындағы шетелдік компаниялар қазақстандық үлесті қаншалықты сақтап отыр?

Мұнай-газ саласын игеруде шетелдік компаниялардағы қазақстандық үлес туралы ақпарат дүдамал, күдікті. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы сараптамалық топтың бірлескен отырысында мәлімдеді.

Қазба байлығымызды қопарып алып жатқан шетелдік компаниялар қазақстандық үлесті қаншалықты сақтап отыр? Инновацияларды  енгізіп жатыр ма? Депутаттар осы мәселені майшаммен қарады. Жиынға қатысқан «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», «CNPC» компанияларының өкілдері қазақстандық үлесті арттырып жатқанын  бір ауыздан мәлімдеді.

Алайда мәжілісмендер мұнай-газ компанияларында отандық және шетелдік жұмыскерлердің үлес салмағы мен жалақыларындағы айырмашылық жер мен көктей екенін айтып сынады. Жат жерліктер импорт тауарларды сатып алуға бейім. «Қазақстандық компания жеткізді» деп, отандықтың атын жамылып, шын мәнінде сырт елде жасалған тауарларды сатып алып құйтұрқылыққа барып отыр дейді депутаттар. Шетелдік мамандардың инновацияға да ден қоймай отырғаны да айтылды.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі: 

«Теңізшевройл» өкілі газды жер астындағы құбырларға қайта жіберу арқылы мұнайды 12 млн тоннаға артық алатынын айтып өтті. Ал Мырзағалиев мырза «Теңізшевройл», Қарашығанақ, Қашаған 2020 жылға қарай газды 40-тан 45 млрд текше метрге дейін құбырларға қайта жібере алатын мүмкіндігі болатынын айтқан. Неліктен «Теңізшевройл» өкілі бізге мұны инновация ретінде айтып отыр? Жалпы бұл инновация ма? Ал бұдан бұрын Мыңбаев министр кезінде 2020 жылға қарай газ көлемі азаяды, құбырларды текке тартып жатырмыз деген болатын. Ал біз газды осылайша құбырларға қайта айдап, текке жағып жатырмыз.  

Жерімізді тынымсыз сорып жатқан шетелдіктер қазақстандық үлесті сақтамағаны үшін 128 млн теңге айыппұл төледі. Бұл сомма аз ба, көп пе деген депутаттар сауалына Энергетика министрі Владимир Школьник жауап бере алмады. Айтуынша, жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің жаңа концепциясы дайындалып жатқан көрінеді. Және Владимир Школьник мұнай-газ саласының жаңа бәсекелесі - көмір өндірісіне - ерекше тоқталды. Тас көмірден синтетикалық мұнай өндірісін қолға алуға болады. «Және Қазақстанда бұл жұмыс алдағы 5 жылда басталуы мүмкін»,- деді.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Геологиялық зерттеулер бізде 300 млрд тонна көмір қоры барын көрсетті. Ал зерттелгені 34 млрд тонна. Бұл керемет көрсеткіш. Сондықтан мұнай-газ саласына жаңа бәсеке шығып отыр. Қазір әлемде көмірді газ-химиялық өңдеуден өткізіп, синтетикалық мұнай алу науқаны белең алды. Көмірдің тоннасынан 600-700 литр синтетикалық мұнай алады. Торғай бассейніндегі көмір қоры бізге бірнеше Қашаған бере алатын өнімді беруге қауқарлы. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ