$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Внуково әуежайындағы әуе апатын зерттеу комиссиясы «қара жәшіктерді» тексеруге кірісті

AstanaTV
22.10.2014ж. 20:00
943
Внуково әуежайындағы әуе апатын зерттеу комиссиясы «қара жәшіктерді» тексеруге кірісті

«Бағдарымнан жаңылдым». Ресей ақпарат құралдары Внуково әуежайындағы қар жинағыш көліктің жүргізушісі Владимир Мартыненконың тергеуде берген осы жауабын жарыса жазып жатыр. Ұшақ апатына қатысты жалғыз күдікті «ұшу жолағына қалай шығып кеткенімді білмеймін» деп ақталуда.

Айта кетейік, Ресейдің тергеу комитеті  қар жинағыш машинаның жүргізушісі мас болған деген дерек келтірген. Ал оның авдокаты Александр Карабанов өз клиентінің ішімдік тұтынбайтынын және созылмалы жүрек ауруына шалдыққанын алға тартқан. Бүгінде әуе апатын зерттеу комиссиясы «қара жәшіктерді» тексеруге кірісті. Өздігінен жазатын құралдар оқыс оқиғадан кейін лезде табылған.

Еске салайық, «Тоталь» компаниясының бұрынғы басшысы Кристоф де Маржери қазанның 21-іне қараған түні Мәскеудің Внуково әуежайында болған ұшақ апатында қаза тапты. Мәскеу-Париж бағытында ұшуға бет алған төрт орындық  ұшақ қар тазартқыш техникаға соғылып, жарылып кетті. Салдарынан «Toталь» мұнай компаниясының президенті мен экипаждың үш мүшесі қаза тапты. Ал бүгін компанияның жедел жиыны өтіп, директорлар кеңесі Total-дың жаңа президентін сайлады. «Ол – 68 жастағы Тьери Демаре», - деп мәлімдеді «Франс пресс».

Жұрағат БАМАН