$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Таразда тастанды балалар көбейді

AstanaTV
22.10.2014ж. 20:00
2346
Таразда тастанды балалар көбейді

Таразда тастанды балалар көбейді. Өздігінен жүріп, сөйлеуге де жарап қалған сәбилерді тастап кету дерегі жиілеп тұр. Тәртіп сақшылары дабыл қағуда. Қаладағы кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына бүгін тағы осындай 3 бала жеткізілді. Қараусыз қалған бүлдіршіндердің мұнда келуінің өзіндік себептері бар. Тақырыпты Данияр Әлімқұл жалғастырады.

Әпкелі-інілі қос бүлдіршінді анасы осыдан 10 күн бұрын Сәнбековтар отбасына әкеп тастаған. «Басқаға емес, бізге келу себебі - 15 мүгедек баланы бағып-қағып отырғанымызды білген», -  дейді үй иелері.

Гүлшира Сәнбекова:

Осы жерге Динара деген келіншек келді. Бес жасар қызы бар - Алина. Төрт жасар ұлы бар - Нұршуақ. Бір күні үйден шығып кетті бір-екі сағатқа деп. Содан қайтып оралмады, балаларына.

Амалы таусылған әйел балаларды бейімдеу орталығына жөнелтуге мәжбүр болған. «Бүлдіршіндерден ешқандай психикалық ауытқулар байқалмайды дейді»,- орталық мамандары. Анасын іздеп алаңдаған балақайлар болса, әкелерінің Астанада жүргенін айтады.

-Папаларың бар ма, аты кім? -Нұржан! -Папаларың қайда, ол сендердің осында екендеріңді біледі ме, папа, мамаң ұрысып қалған ба? -Мама жылады. 

Ал мына бүлдіршін тас жолдың бойынан табылған. Қиырдағы Мойынқұм ауданынан осындағы орталыққа бүгін жеткізілді. Тәртіп сақшылары алдымен алты жасар қыздың басы жарылғанын байқап, лезде дәрігерлерге тіктірген. Бүлдіршіннің сөзіне сенсек, төбесіне теледидар құлаған. Өзі сабағына алаңдайтын секілді. 

Регина Голева:

Мама, приезжай я хочу к тебе. Забирай меня домой. Я хочу домой, в школу хочу, в первый класс. Если я не буду приходить в школу, то меня не пустят потом.

Тәртіп сақшылары соңғы кезде көкек аналар тым көбейіп кетті дейді. Тастандыларды тіркеп үлгере алмайтын кездер де болады екен.

Гүлназ Мүтәліп, Тараз қалалық ІІБ кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспектор:

Ата-аналардың балаларға бей-берекет болуы балалардың тағдырына, күн асып азаймай, көбейіп бара жатқан жайы бар. Енді жүрек ауыртатын фактілер көп. Біз полиция тарапынан осындай фактілерге тамырына балта шауып, күннен күнге күресіп келе жатырмыз.  

Балаларынан безінген безбүйрек ата-аналарды іздестіру жұмыстары 30 тәулікке жалғаспақ. Еш нәтиже бермесе, балақайлар балалар үйіне бет алмақ. Ал әке-шешесі, әрине, табылған жағдайда, құзырлы орган қызметкерлері ата-ана құқынан айырамыз деп асығып отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ