Мемлекет басшысы Нұрсұлтан
Назарбаевтың Астана активімен кездесуі кезінде айтқан мәлімдемелері қоғамда
қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, көпшілік Президенттің қазақ мемлекетінің 550
жылдығы тойланатыны туралы сөзін қуана қарсы алды.
Еске саламыз, Назарбаев «Қазақтың
мемлекеттілігінің тарихы Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандық құрған
кезден басталады», - деп айтты.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал, әрі беделді,
осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер
туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы - сол кезде оған негіз қаланды, біз - бабаларымыздың ұлы істерінің
жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көп ғасырлық достық және тату көршілестік
дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн.
Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрақтылық пен барлық
азаматтардың теңдігі еліміздің мызғымас ұстанымдары болып қала беретініне де
тоқталды. Қазақстанда ешкім ешқандай жағдайда кемсітушілік сезінбеуі тиіс екендігін
айтты.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Кейбір қайраткерлер бәрінің атын ауыстыруға, көшелер мен мекемелердің
атауын бір тілде жазуға бейім. Мұны тоқтатқан
жөн. Тағы да қайталағым келеді, патриоттығыңды оның қажет емес кездерінде көрсетуге
ұмтылудың керегі жоқ. Конституцияда тілдер мен этностарға қатысты барлық
нормалар нақты көрсетілген. Бұл - біздің артықшылығымыз, біздің көп ұлтты тұрақты мемлекет ретіндегі
брендіміз. Егер
бір адам жәбір көрсе, онда бүкіл Қазақстан жапа шегеді. Бір философтан «бақытты адам кім?» деп сұрағанда, ол: «бақытты адамдардың арасында өмір сүретін
адам бақытты», деп
жауап беріпті. Орнықты адамдардың арасында өмір сүретін адамның да көңілі
орнықты болады.
Илхам ИБРАГИМ