$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Еріктілер қатерлі ісікке шалдыққан балаларға көмек қолын созып жатыр

AstanaTV
22.10.2014ж. 20:00
1689
Еріктілер қатерлі ісікке шалдыққан балаларға көмек қолын созып жатыр

«Балалардың арманын жүзеге асыру». Осындай атаумен  еріктілер қатерлі ісікке шалдыққан балаларға көмек қолын созып жатыр. Ешқандай ақы талап етпейтін ерекше бастама қолдауға тұрарлық. Бүгінге дейін жүздеген науқастың өміріне араша болған жандарға ата-аналар мен дәрігерлердің де алғысы шексіз. Негізінен онкологиялық дертке душар болған бүлдіршіндерге арналған шараның өзге де пайдалы тұстары баршылық.

Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын Нұрайдың сүйек кемігі сырқатына шалдығып, ем қабылдап жатқанына 4-5 айдың жүзі болды. Анасы Хадиша бүлдіршіннің айығып кетеріне сенімді. Дәрігерлік көмектен тыс, рухани қолдау да ана мен балаға ауадай қажет.

Хадиша Бүйенбаева, науқастың анасы:

Арманының бәрі орындалып жатыр мұның. Кукла деді, кукла әкелді. Фея дейді, ол да бар. Мультфильмнен көрген Барбидің домигін де сұратты. Енді гитара деп шығарып алыпты.

Науқас қыз бен оның ата-анасына қолдау танытып жүрген еріктілер тобы өз мақсаттарын әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке таныстырады. Олар балалардың онкологиялық орталығымен ерекше байланыс орнатқан. Жоба жетекшісі бұл идеяның батыс елдерінен келгенін жасырмайды. Америкаға барғанда, осындай ерекше бастаманы елімізде де жүзеге асыруға болатынына көз жеткізген. 

Айгүл Әбсәметова, қозғалыс жетекшісі:

Балалар түрлі сыйлықтарды қалайды. Олардың қатарында телефон, планшет, ноутбуктер бар. Тіпті табиғат аясында қыдырып, кәуап жегісі келетіндер де табылады. Сұлулық салонына барып, өзінің түр-әлпетін әрлеуге тапсырыс беретіндерді де кездестірдік. Мүмкіндігінше, осы армандарының барлығын орындауға тырысамыз.

Айжан Молдашбаева, психолог:

Ондай ауруға шалдыққан баланың өмірінде үлкен өзгерістер болады. Жаңа өмірге үйренеді. Сол кезде баланың өзіне де, анасына да қолдау қажет. Сол кезде біздің негізгі көмегіміз баланың бала екенін ұмыттырмау.

Алматыда қатерлі ісік дертіне шалдыққан балалар үшін жұмыс істейтін орталықта 24 науқас емделіп жатыр. Еріктілер әсіресе әлеуметтік қолдауға зәру жандарға назар аударады. «Балалар арманын жүзеге асыру» шарасының аясында қазірге дейін 60-тан астам бүлдіршін түрлі  сыйлықтар алған.

Айжан Молдашбаева, психолог:

Нақты әр балаға жеке-жеке арманын орындауға тырысады. Оның айтқанын орындау үшін, өз шамамызға қараймыз. Қаншалықты орындай аламыз. Сөз беріп қана кету емес, шын мәнінде оны қуанту.

Еріктілер тұрақты демеушілердің көмегіне жүгінеді. Аясы кеңейіп келе жатқан бастамаға әлі де қолдау қажет. Айтулы шараның барысында науқас жандарға жәрдем беруге ықыласты адамдар үшін қашанда есік ашық.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ