$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Бір топ қарағандылық тұрғын көшелерінің атауын өзгертуге қарсы шықты

AstanaTV
24.10.2014ж. 20:00
1476
Бір топ қарағандылық тұрғын көшелерінің атауын өзгертуге қарсы шықты

Аймақ әкімі Астанада брифинг өткізіп жатқанда, бір топ қарағандылық тұрғын өздері тұратын көшенің атауын өзгертуге қарсы шықты. Билік «сұрықсыз ескі көшені абаттандырып, балалар алаңын салуға  ақша қимайды. Ал тақтайшаны айырбастауға қалай тапты» деп ашынады олар.

Қарағандыдағы Архитектура көшесіне Жаяу Мұса атауының берілетіні тұрғындар үшін күтпеген жайт. Олар Жаяу Мұса есіміне емес, шенеуніктердің әрекетіне наразы. 40-тан астам үйден бірде-бір жан ономастикалық комиссиядан көше атауын өзгертуді сұрамағандарын айтады. Тіпті, билік өкілдері өткізген жиналысқа да қатыспадық дейді. 

Юрий Мирзо, Архитектура көшесінің тұрғыны:

Заң бойынша ол туралы жиналысқа тұрғындар, қадағалаушы органдар қатысуы керек. Алайда, ешқайсы болмаған. Мүлдем басқа аудан ақсақалының ұсынысы деп естідік. Бұған жұрттың бәрі наразы. Қазірдің өзінде қарсы 159 адамның қолын жинадым.

Архитектурная көшесі 40-шы жылдары Қарағандының ең сәулетті жері болған. Жапондық тұтқындар салған қаланың ескі бөлігі бүгінде тым жұтаңқы. Үйлері әбден ескірген. Жолдары ойылып, аулалары қаңырап тұр.

Сондықтан тұрғындар көше атауын өзгерткенше, жолымызды жөндеп, балаларымызға ойын алаңдарын салып берсін дейді.

Сағындық Мақым, Архитектура көшесінің тұрғыны:

Бірінші жолды жөндеген дұрыс қой. Жол жаман. Машиналар сынып жатады. Содан кейін көше атауын қазақшаға өзгертуге болады. Бұл да керек.

Сергей Виговский, Архитектура көшесінің тұрғыны:

Алдымен халықтың ең басты қажеттілігін қамтамасыз ету керек қой. Ал көше атауын өзгертуді кейінге қалдыра тұруға болады. Шалшық сулар аяқ алғызбайды. Балаларымыздың ойнайтын жері де жоқ. Бір тақтайшаны ауыстырғаннан бізге  не пайда? Бюджеттің ақшасын ысыраптау деген осы.

Жергілікті ономастикалық комиссия бізбен тілдесуден бас тартты. Тек жазбаша мәлімет қана таратты. Онда жергілікті мәслихат биыл Қарағандыда 20 көшенің атауын өзгерту туралы шешім шығарғанын айтыпты. Солардың арасында осы Архитектура көшесі де бар. Мәслихат депутаттарының шешімі үкіметке қарасты республикалық комиссияға жіберіліпті. Бірақ бюджеттен нақты қанша қаражат шығындалатынын шенеуніктер айтпады. Дей тұрғанмен, Архитектура көшесінің тұрғындары көше атауын өзгерткеннен бұрын, жағдайымызды көтерсін деген талап қойып отыр.

Айжан ҚУАШ