$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстан Украинаға көмек көрсету бағдарламасын әзірлеуде

AstanaTV
27.10.2014ж. 20:00
1229
Қазақстан Украинаға көмек көрсету бағдарламасын әзірлеуде

Қазақстан Украинадағы саяси ахуалды тұрақтандыру үшін қаржылай көмек көрсетуді бастап кетті. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Министрліктің ресми сайтында жарияланған ақпаратта «Қарулы қақтығысты тоқтату жөніндегі келісімдерді жүзеге асыруға ерекше назар аударатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының арнайы бақылау миссиясы қызметін қолдауға Қазақстан 40 мың АҚШ долларын бөлгені» туралы жазылған. Сондай-ақ «Арнайы миссия малайзиялық Боинг құлаған жерге тергеушілерді жеткізуді қамтамасыз еткен. Әрі Украинадағы жағдайға қатысты Женева Біріккен мәлімдемесі мен Берлин келісімшартын жүзеге асыруда әжептәуір жұмыс атқарып жатыр» делінген.

Ресми хабарламада, Минск саммиті барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жасаған мәлімдемеге сәйкес, қазір Украинаға экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетудің кең ауқымды бағдарламасы дайындалып жатқаны туралы айтылған. Министрліктің баспасөз хатшысы: «Ауқымды көмек көрсету үшін Қазақстан тарапынан нақты қанша қаражат бөлінетіні әзірге белгісіз», - деді. Оның айтуынша, аталған 40 мың доллар бастапқы жәрдем ретінде қарастырылып отыр.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ