$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Банк қызметкері Ақтөбе тұрғынының құжаттарын пайдаланып, басқа адамға несие рәсімдеген

AstanaTV
27.10.2014ж. 20:00
1375
Банк қызметкері Ақтөбе тұрғынының құжаттарын пайдаланып, басқа адамға несие рәсімдеген

Несиеге компьютер алған Ақтөбе тұрғыны алаяқтардың апанына түскенін айтады. Ол компьютер үшін ғана емес, өзі алмаған тоңазытқыш үшін де несие қайтаруға мәжбүр. Айтуынша, банк қызметкері оның құжаттарын пайдаланып, басқа адамға несие рәсімдеген. Берешегі геометриялық прогрессия бойынша өскен тұтынушының ендігі бар үміті полицияда. Бөтеннің мүлкі үшін қарыз төлеу машақаты туралы әріптесім Мансұр Есхожиннің материалында.  

Кәрім Ибраев 2012 жылдың желтоқсанында мектепте үздік оқитын баласына сый жасапты. Қалауы компьютер болған соң, оны несиеге рәсімдеген. Күзет қызметінде істесем де, қаразымды уақытылы төлеп жүрдім дейді. Бұған дейін бір кредит алып оны жауып тастағанын айтты. 4 баланың әкесі арада 6 ай өткен соң, телефон шалған банк қызметкерінен «қосымша қарызың бар» деген ақпарат алыпты. Төбесінен жай түскендей күй кешкенін айтқан ол банкке барған.

Кәрім Ибраев: 

Мен айттым, менде 3 кредит жоқ. Менің өзімнің алғаным 2 кредит. Сосын маған договордың нөмірін айтарсың деді. Біріншісін айттым, екіншісін айттым. Үшіншісі қайда деді. Мен айттым, үшіншісін білмеймін, мен алған жоқпын. Маған айтқаны, январьдың 12-де сенің атыңа кредит алынған, қазір ол июньге дейін төленген жоқ. Сені сотқа береміз, шартты бұзамыз деді.

Мұнан соң тұтынушы құқық қорғау органдарына арызданғанын айтады. Банк қызметкері күдікке ілініпті. Құзырлы органның дерегінше, бұл оның алғашқы қылмысы емес екен. Бұған дейін де алаяқтық бабы бойынша істі болып, заң алдында жауап берген көрінеді. Соған қарамастан, тағы да бұрынғы әдетіне салса керек. Полицейлер жалған құжат даярлау дерегі бойынша кең көлемді сараптама жасауға кіріскен.

Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісі:

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 177-бабы, яғни алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық керекті сараптамалар тағайындалды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары жәбірленушінің мойынындағы қарызды күдіктінің мойнына ілу жөнінде арыз даярлауда.

Тоңазытқыш 2013 жылдың қаңтарында рәсімделген. 130 мың теңгеге бағаланғанымен, бүгінге дейін пайыздық өсіммен шамамен 300 мың теңге болыпты. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе ғана, Кәрім Ибраевтың банк алдындағы ары ағарады. Осы тұста тұтынушылар құқығын қорғайтындар азаматтардың құжатқа салғырт қарауынан осындай жайттардың болып тұратынын айтады.

Сафура Түлкібаева, «Қазақстан тұтынушылар лигасы» Ақтөбе облыстық өкілеттілігінің директоры:

Банк алаяқтарының бірнеше түрі болады. Сондықтан кез келген құжатқа қол қояр алдында, мұқият болу қажет. Әрине, әрдайым алдын алу мүмкін емес. Сондықтан алаяқтардың қолына түссе, бірінші кезекте полицейлерге  шағымдану қажет.

Құқық қорғаушылар күнделікті алдын алу шараларын өткізіп, ескерту жасағанымен тұтынушылар арасында сан соғып қалатындар аз болмай тұр. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында алаяқтық фактісі бойынша шамамен мың жарымға жуық қылмыс тіркелген. Тәртіп сақшылары қылмыстың бұл түрін анықтау жылдан жылға қиындап бара жатқанына алаңдаулы.

Мансұр ЕСҚОЖИН