Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Түркия үкіметі мемлекеттік басқару жүйесінде реформа жасауды қалайды

AstanaTV
15.01.2016ж. 20:00
4089
Түркия үкіметі мемлекеттік басқару жүйесінде реформа жасауды қалайды

Түркия мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесіне өте ме? Бұл мәселе соңғы күндері елдегі басты тақырыпқа айналды. Тіпті партиялардың «жаға жыртысуына» да түрткі болып отыр. Билік басындағы Әділет және даму партиясы, мемлекеттік басқаруды парламенттіктен президенттікке көшіру туралы ұсыныс жасаған. Бірақ ол үшін алдымен жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Ата заңға өзгеріс енгізілуі қажет. Ел үкіметі: "Басқару формасын реформаласақ, жаңа белесті бағындырамыз", - дейді. Ал оппозиция өкілдері - билік тізгінін президентке тапсыру диктаторлықтың белгісі дегенді алға тартуда.

Бүгінде ақ партиялықтар президенттік жүйенің тиімді тұстарын ел-жұртқа егжей-тегжейлі түсіндіруге көшкен. Белсенділердің арасында мемлекет басшысы Ердоғанның өзі де бар. Дегенмен ұсыныс ортаға тасталғалы бері, оған қарсы топтар да төбе көрсете бастады.

Кемал Қылыштароғлы, Республикалық халықтық партияның төрағасы:

Бұлар билікті президенттің қолына беруді көздейді. Әлемдегі алпауыт мемлекеттер президенттік жүйені таңдаған деп ақталады. Зерттеп қарасақ, ең дамыған 20 елдің 17-сі парламенттік басқару жүйесімен жұмыс істейді. Қазіргі жүйеден бас тартатындай, бізге не жетпейді? 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Президенттік басқару нәтижелі екенін оппозиция өкілдері жақсы біледі. Тек біз «ақ» десек, олар «қара» деген принциппен қарсы шығуда. Мәселен, Германия Гитлер заманында парламенттік басқару жолында еді. Соған қарамастан, Гитлер секілді диктатор келді. Франция да президенттік басқаруға ауысу арқылы біраз белесті бағындырды. Ең маңыздысы - нақты мақсат қоя отырып, басқарудың даңғыл жолын таба білу.

Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік әу-баста билікті парламенттің қолына тапсырған-ды. Бұрын соңды президенттік басқару жүйесімен жүрмеген түрік жұртының жатырқайтын жөні бар. Сарапшылар болса, таңдауды халық жасауы керек, дейді.

Исмаил Күчуккая, сарапшы:

Бұл ұсынысқа Түркия халқының жауабы маусымдағы сайлаудың нәтижесінен байқалған жоқ па? Сайлауалды насихатында Ердоған мырза президенттік басқару жүйесін жиі қозғаған еді, Әділет және даму партиясы аз дауыс алды. Яғни халық ешқандай реформа керек емес екенін аңғартты. Демократиялық талапқа сай реформа халықтың қалауы бойынша жүзеге асуы тиіс.

Түркия үкіметінің президенттік жүйеге қызығуы бекер емес. 1980 мен 2000 жылдар арасында билік басындағы парламент өкілдері бір жарым жылдан ұзақ тұрмаған еді. Партиялар арасындағы келіспеушілік елдің дамуына кері әсер етеді деген пікірлер де белең алған. Мұның айқын дәлелі өткен жазда 90 күн бойы мәжілістегі төрт партия келісімге келе алмай, елде қайта сайлау өткен еді. 
 
Самат СҮЛЕЙ