$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы келер жылы жүзеге асырылмақ

AstanaTV
29.10.2014ж. 20:00
1668
Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы келер жылы жүзеге асырылмақ

Мегополис үшін маңызды жоба. Алматыны айнала салынатын күре жолдардың бірі де ақылы болмақ. үлкен Алматы айналма жолы жобасымен айналысып жатқан министрлік өкілдері келесі жылдан қалмай, құрылыстың басталатынын мәлімдеді. Бірақ үлкен қаражатты талап ететін автомобиль жолының құрылысын салатын инвесторлар әлі анықталмаған. Соған қарамастан, Инвестиция және даму министрінің орынбасары үлкен айналма жолдың құрылысына жұмсалған қаражат тек 28 жыл ішінде ақталады деген болжамын айтты. Жобаның қазіргі жай-күйі мен кедергілері туралы аймақтағы әріптесім Ришат Асқарбекұлы толығырақ тарқатады.

Әне-міне басталады деп жоспарланған үлкен Алматы айналма жолының құрылысы келер жылы жүзеге асырылмақ. Алматы үшің ең маңызды күре жолды салу шешімі 2002 жылы қабылданған. Бірақ осы күнге дейін республикалық қазынадан оны жобалауға ғана қаражат бөлініп келді. Мегаполисті қоршай салынатын үлкен тас жол құрылысы енді үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңіне орай жанданады.

Жеңіс Қасымбек, Инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министрі:

Бұл жобаға өте қомақты қаражат қажет. Қазір ірі инвесторлар арасында Еуропалық Даму банкі мен Дүниежүзілік банк қызығушылық танытып отыр. Отандық компаниялар арасында да талпыныс танытқандар табылады. Сондықтан бұл іске жұмыла көтерген жүк жеңіл деп қараған жөн. Әсіресе қаржылық институттардың көмегі қажет.

Министрліктің есебінше, үлкен Алматы айналма жолының құрлысына 130 млрд теңге жұмсалады.  Ал бұл қомақты қаражаттың өзін өзі ақтауына 28 жыл уақыт кетеді. Жоба ұзақ мерзімді болса да, оның құрылысын бастау керек. Себебі күннен күнге тынысы тарылған Алматы шаһары үшін ол ауадай қажет.

Юрий Ильин, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

Қала билігінің алдында тұрған басты міндет - Рысқұлов, Райымбек даңғылдарын осы айналма жолмен тоғыстыру. Ол үшін бірнеше жол айырығының құрылысы жүріп жатыр. Ол қаланың солтүстігі, шығысы және батысы арқылы БАКАД магистраліне барып қосылады.

Күре жолдың жобасын жасап, оның құрылысын бақылайтын бас оператор - «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы. Мекеменің дерегінше, құрылыс аяқталған соң, 40 мың автокөлік қаланың сыртын айналып өтеді. Әсіресе транзиттік бағыттағы ауыр жүк көліктері шаһарға кіргізілмейді.

Нұрхат Ақылтаев, «Қазавтожол» ҰҚ бөлім басшысы:

Құрылыс 2015 жылдың төртінші тоқсанында басталып, оны 2019 жылы толықтай аяқтау жоспары құрылып отыр. Егер қаржыландыру тоқталмаса, салып бітуге мүмкіндік жетеді.

Талғар, Іле және Қарасай аудандарының аумағында 700-ден астам жер телімі босатылған. Тек 10 азамат өз меншігіндегі жерлерді бермей отыр. Олардың ісі сотта қаралып жатыр. Ал Бас прокуратураның нұсқауымен тек Қарасай ауданында 78 млн теңге сот арқылы үнемделген.

Жақсылық Жұмабаев, Алматы облысы Қарасай ауданы прокурорының аға көмекшісі:

Көптеген тұрғындар мен заңды тұлғалар өздері пайдаланбайтын жерлер үшін мемлекеттен қомақты қаражат талап етті. Алайда Жер кодексінің 85-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар істі сотқа тапсырып, тиісті заңның аясында қаражаттарды қысқартты. Ал прокуратураның араласуымен үлкен айналма жол үшін бөлінетін қаржыдан 78 млн теңге үнемделді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Жуырда ғана Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдері екі жақты келісімдерге қол қойған болатын. Онда шаһар қақпасынан жақын аудандарға шығатын автомобиль жолдарын үлкен Алматы айналма жолына қосу пысықталды. Жоспарға сәйкес бұл жолдың бойына сауда орындары мен ірі кәсіпорындар да салынып, көгалдандыру шаралары бірігіп қолға алынады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ