$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Астана қаласы бойынша кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің төртінші отырысы өтті

AstanaTV
29.10.2014ж. 20:00
1461
Астана қаласы бойынша кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің төртінші отырысы өтті

Астаналық Қайрат Қожамжаров есімді шенеунік кәсіпкерге қисынсыз талап қойып отыр. Кәсіпкерлер құқын қорғау қауымдастығы бүгін Астана қалалық «Сәулет және құрылыс басқармасы» бастығы орынбасарының жұмысына шағымданды. Аталған шенеунік «Технопарк» өндіріс аумағындағы цехтың қасбетін табиғи таспен қаптау қажет деген талап қойыпты. Кәсіпкерлер қауымдастығы шенеуніктің әрекетін қызметке «негізсіз жасалған қысым» ретінде бағалады.

Қайрат Елубаев, Астана кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

Технопарктің ортасында қандай даланың тасы? Кірсеңіздер, оның іші бәрі темірмен қоршалған. Ол не туралы айтып тұр? Қожамжаров қандай жағдай болып жатқанын мүлдем білмейді немесе қандай да бір өзінің ойы бар деп санауға болады.

Қожамжаров мәрмәрмен қапта деген цех осы. Мұнда темірден иілген бұйымдар жасалады. Қазір қалалық сәулет және құрылыс басқармасы оны кеңейтуге рұқсат бермей отыр. «Олар осыдан екі жыл бұрын көшпелі жиында Астана әкімінің айтқан сөзін желеу етіп отыр», - дейді кәсіпкер. Естеріңізде болса, кезінде шаһар басшысы қаланың көркін келтіру үшін, құрылыс нысандары қымбат табиғи тастармен қапталуы тиіс деген еді. Сәулетшілер әкімнің сөзін бұлжытпай орындағысы келсе керек, тіпті Технопарк аумағындағы өндіріс ошақтарын міндеттеуге көшкен. Алайда мемлекеттік мекеме мен кәсіпкер мәмлеге келе алмай, тамызда басталған өндірісті кеңейту жұмысы тоқтап тұр.

Елена Вожжова, «Трубокомплект» ЖШС заңгері:

Так как мы находимся на территории технопарка – это промышленная территория, здесь нет такой необходимости, мы никак в фасад города не вписываемся.

Бүгін Астана қаласы бойынша кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің төртінші отырысы өтті. Жыл басынан бері астаналық кәсіпкерлерден 1500 шағым түскен. Оның 30 пайызы мемлекеттік мекемелердің қызметіне қатысты. Басым бөлігі қалалық Сәулет және құрылыс басқармасының қызметіне арызданған. Екінші орында – «Астана су арнасы». Бизнесті қорғауға қатысты түскен 150 арыздың 117-сі оң шешімін тапқан.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ