$485.11 €523.82 ₽5.02
×

А.Атамбаев: Қырғыстанға Қазақстан инвестицияларын тарту үрдісі жаңа серпін алмақ

AstanaTV
31.10.2014ж. 10:00
1216
А.Атамбаев: Қырғыстанға Қазақстан инвестицияларын тарту үрдісі жаңа серпін алмақ

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстаннан келетін инвестициялардың артуынан үмітті. Қазақстандық БАҚ өкілдерімен сұхбаты барысында Қырғызстан Республикасының президенті екі жақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың басым салалары туралы айта келе, елде қазақстандық инвестицияларды тарту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті, - деп хабарлайды «Қазақпарат».

Қырғыз елінің басшысы ел Үкіметінің қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру мен сыртқы инвесторлар үшін экономикалық қатерлерді азайтуға бағытталған шараларды қолға алып отырғанына ерекше көңіл бөлді. Алмазбек Атамбаев екі жақты тиімді экономикалық интеграцияға деген ұмтылысын білдіре отырып, екі ел арасындағы қарым-қатынастар дамуының жаңа кезеңінен үміт күтетінін жеткізді.

Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан Республикасының президенті:

Бүгінгі таңда тауар айналымы бойынша елімізде Қазақстан Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші орынды алады. Өсу қарқыны жоғары. Жақсы инвестициялардың да Қазақстаннан келгенін айта кету керек. Қазақстандық инвесторлар Қырғызстан экономикасына миллиард доллардан астам қаражат салған. Менің ойымша, бұл өсім арта түседі.

Қараша айының 6 мен 7 күндері Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қырғызстан басшысы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуді жоспарлауда. Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, сапар аясында Қырғыстан мен Қазақстан арасындағы 4-ші Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы өтеді деп күтілуде.