$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Шекара қызметінің басшысы Жоламановқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылды

AstanaTV
30.10.2014ж. 13:00
989
Шекара қызметінің басшысы Жоламановқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылды

Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов 27 желтоқсанға дейін қамаққа алынды. Бұл туралы Ақмола гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Әскери соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше кешкісін іс сотта қаралған. Айта кетейік, Нұрлан Жоламанов аса ірі көлемде пара алып, қылмыстық ұйым құрған және оны өзі басқарып келген деген айыптар тағылып отыр. Сондай-ақ, соттың баспасөз қызметі оның қамақ уақыты ұзартылуы мүмкін екенін хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов 27 қазанда қызмет бабын теріс пайдаланған деген күдікпен ұсталған еді. Ол бұл лауазымды қызметке 2013 жылдың қаңтарында тағайындалған. Бұған дейін Қарулы күштердің құрлықтағы әскерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері басқармасының бастығы, Қарулы күштер Жоғарғы шекара командалық училищесінің бастығы, Бас штаб бастығының орынбасары, Қарулы күштердің құрлық әскерлері қолбасшысы секілді жоғары әскери қызметтерді атқарғаны мәлім.

Еркін ҚАРИН