$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қостанайлық қос жігіт дабылқаққыш жүйесі бар жарық лампасын ойлап тапты

AstanaTV
30.10.2014ж. 20:00
1732
Қостанайлық қос жігіт дабылқаққыш жүйесі бар жарық лампасын ойлап тапты

Кіреберістегі қараңғылыққа жол жоқ. Қостанайлық қос жігіт арнайы құрылғы ойлап тапты. Енді қаскөйлер дабылқаққыш жүйесі бар жарық лампасын ұрлай алмайды. Өнертапқыш жастардың игі жобасы өңірде ұйымдастырылған бірнеше байқауда үздік деп танылды. Алдағы уақытта олар  арнайы құрылғы шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Заңғар Санай баяндайды.

Қостанайлық Никита Карцевтің ойлап тапқан құрылғысы көпқабатты үйде тұратын көпшілікке құнды бұйым болғалы тұр. Әсіресе подъездің жарығын қолды қылатын ұрыларды қолға түсіру үшін, дабылқаққыштың маңызы зор. Ең бастысы - дәліздегі қараңғылықтан қажыған қала тұрғындары енді ойлы жігіттің озық технологиясын қолданып, игілігін көрмек.

Никита Карцев,  жоба авторы:

Қаладағы үйлердің кіреберістерінде күні бойы жарық қосулы немесе  қараңғы болып тұрады. Осыны қалай реттеуге болады деп үнемі ойланып жүрдім. Оқығаным техникалық мамандық болғандықтан, автоматтық тұрғыдан сөніп қосылатын құрылғы құрастыруды қолға алдым.

Өңірден шыққан өнертапқыш өзінің игі жобасын Азамат Ермағамбетов есімді дизайнермен бірлесе отырып, жүзеге асырғандығын айтады. Қостанайлық қос жігіт тұрмысқа қажетті бірнеше құрылғыны қолдан жасап шығарған. Мәселен, мына айрықша аппарат - кішкентай сәбиі бар үйге таптырмас зат. Бүлдіршіннің жылаған дауысы естілсе, біртіндеп жарық өшіп, әуен қосылады. Ал мына құрылғының қызметі күрделі. Бөлмеге неше адам кіргенін есептей алады. Соңғы адам шыққанда, жарық өздігінен өшеді.

Азамат  Ермағамбетов,  дизайнер:

Біз бұл құрылғыларды қолайлы, шағын, үйлесімді етіп жасауға тырыстық. Егер сатып алушы сыртын өзгерту керек десе, тапсырысты орындаймыз.

Қостанайлық өнертапқыштардың игі жобасын қолдаушылар көп. Жуықта олар «Даму» қоры бөлген 2 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды. Сонымен қатар «Серпінді кәсіп» республикалық байқауына қатысып, қанжығаларына 5 жарым миллион теңге байлады. Қомақты қаражатқа енді қажетті құрал-жабдық алмақ.

Никита Карцев, жоба авторы:

Бір айда 30 құрылғы жасап шығарамыз. Егер тағы қаражат бөлінсе, қалған құрал-жабдықты сатып алуымыз керек. Сосын өндіріс көлемін көбейтеміз.

Игі жоба авторлары болашақта зауыт салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға ниетті. Алдағы уақытта «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жариялаған иновациялық жобалар байқауында тағы бақтарын сынағалы отыр.

Заңғар САНАЙ