$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Парижде теннистен «Мастерс» турнирі жалғасуда

AstanaTV
31.10.2014ж. 20:00
1170
Парижде теннистен «Мастерс» турнирі жалғасуда

Швейцария спортшысы Роджер Федерер Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан «Мастерс» турнирінің ширек финалына жолдама алды. Дәрежелі жарыстың үшінші кезеңінде швейцариялық алаң иесі Лукас Пуйемен кортқа шықты. Кездесу басынан бірқалыпты өнер көрсетіп, қателікке бой алдырмаған Федерер бірінші сетте 6:4 есебімен басым түсті.

Үзілістен кейін де алған бетінен қайтпаған Роджер Федерер ұпай санын арттырды. Өз кезегінде қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Лукас Пуйе дәрежелі жарыстан шығып қалды. Келесі ойында сербиялық Новак Джокович Франция спортшысы Гаэль Монфиспен жолықты. Бұл ойында қарсыласының бас көтеруіне мүмкіндік бермеген әлемнің бірінші ракеткасы екі сетте үздік шықты.



Ұлттық хоккей лигасында сынға түсіп жатқан «Питсбург» командасы жанкүйерлерін қуантты. Кезекті турда «Лос Анжелес» клубын қабылдаған Майк Джонстонның шәкірттері ірі есеппен жеңіске жетті. Кездесу басынан қонақтар қақпасына тап берген айдын иелері 2:0 есебімен алға шықты. Бұл сәттерде Крис Куниц пен Кристофер Летанг мергендігімен танылды. Екі шайбамен шектеліп қалмаған Питсбург хоккейшілері үшінші кезеңде есепті ұлғайтты. Бұл жолы да шеберлігімен көзге түскен Крис Куниц дубльдің авторы атанды.

Самат ҚАНАҒАТОВ