Аргентина инвестиция тарту жолдарын қарастыра бастады. Күні
кеше ел Парламенті мұнай секторына шетелдік компанияларды тартуды қарастырған
заң жобасын бекітті. Ел экономикасы қатпарлы мұнай игеру жұмыстарына тәуелді
болғандықтан, Парламент өкілдері заңнаманы өзгертуден өзге амал таппады. Бұдан бұлай лицензия
беру регламенті оңтайландырылып, шетел корпорацияларына салық төлеуде де
жеңілдіктер қарастырылады. Реформа сондай-ақ, инвесторларға өндіріс орнын
пайдалану мерзімін 35 жылға дейін ұзартуды көздейді.
Еске салсақ, екі жыл бұрын Аргентина
өзіне деген шетелдік инвесторлардың сенімін жоғалтқан. Кезінде ел YPF мұнай компаниясын мемлекет меншігіне
өткізген-ді. Сол кезде компанияның пакет акциясы Испандық «Репсол»-ға тиесілі
еді. Қалай болғанда да, бүгінде «Петронас», «Шеврон»
және «ЭксонМобил» сынды алпауыттар
Аргентина мұнайына көз тігіп үлгерді. Ел оппозициясы осы үшін билікті кінәлап
отыр. Айтуларынша,
үкімет стратегиялық маңызы бар нысандарды оңды-солды таратып жатыр.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА