$485.11 €523.82 ₽5.02
×

«Қазмұнайгаз» жеті бірдей еншілес компанияны жеке секторға сатуды көздеп отыр

AstanaTV
31.10.2014ж. 20:00
1060
«Қазмұнайгаз» жеті бірдей еншілес компанияны жеке секторға сатуды көздеп отыр

«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы жыл соңына дейін жеті бірдей еншілес компанияны жеке секторға сатуды көздеп отыр. Осы мақсатта компания басшылығы қызығушылығы бар инвесторлармен кездесті. Жекешелендірілетін активтерді сату ережесін түсіндіріп, барынша тартымды нысандарды таныстырды.

Сатылымға шығатын нысандар түгел табысты жұмыс істеп тұр. Мақсат - осы жеті компанияның жұмысын әрі қарай іліп әкетіп, дамытатын тиімді инвестиция тарту. Ал активтер ашық саудаға түседі.

Данияр Берлібаев,«Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма бастығының орынбасары:

Біздің компанияларды сатылымға шағыруымыз, олардың бізге қажетсіз немесе шығынды компания екендігін білдірмейді. Олар тұрақты кәсіппен шұғылданады, бізге сервистік қызмет көрсететін компаниялар. Сату «Самұрық-Қазына» ережесіне сәйкес Қаржы министрлігінің алаңында өтеді. Егер активтің стратегиялық маңызы болса, мәселен, денсаулық, қауіпсіздік тағы басқасына қатысты онда  екі кезеңдік байқау өтеді.

Тізімде стратегиялық маңызы бар компаниялар үшеу. Ол  «Қазақтеңізкөлікфлоты», «ЕвроАзия Эйр» мен «Қазақ мұнай және газ институты». «ЕвроАзия Эйр» тікұшақпен барлық мұнай-газ құбыр жолдарын бақылайды. Қашаған жобасына қызмет көрсетеді. Апатты құтқару жұмыстарына атсалысады. Сатып алушыға алдағы бес жылда сервистік қызмет көрсету бағасын өзгертпеу туралы талап қойылмақ. Бұдан бөлек, «Қазмұнайгаз» Румыниядағы үш активті де жеке бизнеске сатуды көздеп отыр. Ол коммуналдық және кабельді жүйеге қажетті пластикалық және металлургиялық құбырлар шығаратын компаниялар.

Әділбек Баталов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ сыртқы өңдеу және мұнай маркетингі департаментінің директоры:

Бұл компаниялардың өнімдері нарықта сұранысқа ие деп есептейміз. Газ, су және коммуналдық жүйеге көп қаржы бөлінеді. Менің ойымша, біздің бизнесмендерге мұндай халықаралық жобаларға қатысу тиімді.

Бұдан бөлек «Қазақстан-Британ техникалық университетінің» 100% акциясы сатылады. Активтердің бастапқы құны алдағы күндері анық белгіленеді.

Болат Әбдірахманов, «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ проректоры:

Мұндай актив барлық жағынан инвестордың табысына әсер ете алады. Мұнда білім де, ғылым да, студентер де бар. Кез-келген техникалық жаңалықты іске асыруға, зерттеуге, саралауға қолданысқа енгізуге мүмкіндік бар.

Жалпы ҚМГ 2020 жылға дейін барлығы 27 компанияны жекешелендірмек. Кешенді шара Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет және «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірге іске асады.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ