$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Әзірбайжан Қазақстанға бензин жеткізуден бас тартуы мүмкін

AstanaTV
03.11.2014ж. 10:00
1016
Әзірбайжан Қазақстанға бензин жеткізуден бас тартуы мүмкін

Қазақстанға жанар-жағармайды Беларусь республикасы жеткізеді. Бұған дейін еліміздегі бензин тапшылығын реттеу үшін сұйық отын Әзірбайжаннан алынады, деп мәлімденген. Алайда, бұл сұрақтың әлі басы ашылмағандықтан, бензин Беларусьтан импортталатын болды, деп хабарлайды «КазМунайГаз» компаниясының баспасөз қызметі.

Айта өтейік, Әзірбайжанға 14 қазан күні АИ-92 маркілі бензиннің 3 мың тоннасы үшін алдын ала төлем жасалды. Егер Әзірбайжан жасасқан келісім бойынша міндетін орындамайтын болса, тиісті шаралар қолданып, қаражат қайтарылады делінген хабарламада.

Еске салсақ, Қазақстан үкіметі бензин тапшылығын реттеу үшін Әзірбайжанмен мәмілеге келген. Бұл елден 6 мың тонна АИ-92 маркілі бензин жетуі тиіс еді. Бірақ, қарсы тарап, мұнай өнімдерінің экспортына шектеу қойып, міндетін орындай алмайтынын жеткізген. Дегенмен, алаңдауға негіз жоқ, дейді «ҚазМұнайГаз» компаниясының мамандары. Өйткені қараша айында Ресей мен Беларусьтан 37 мың тоннадан астам бензин жетеді. Сондай-ақ, осы екі елмен қосымша АИ-92/93 маркілі бензиннің 50 мың тоннасын сатып алу жайында келісім бар.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА