$485.11 €523.82 ₽5.02
×

КEGOC компаниясының бір акциясы 505 теңгеден сатылмақ

AstanaTV
04.11.2014ж. 20:00
914
КEGOC компаниясының бір акциясы 505 теңгеден сатылмақ

«Халықтық IPO» аясындағы КEGOC энергетикалық компаниясының бір акциясы 505 теңгеден сатылмақ. Бағаны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Директорлар кеңесі бекіткен.

Бұл туралы журналистермен кездесуде КEGOC акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлімдеді. Айтуынша, ұлттық оператор қазақстандық қор биржасына 26 миллионға жуық құнды қағаздар орналастырмақ. Акция сатылымы қарашаның бесінен желтоқсан айының үшіне дейін жалғасады.

Айта кетейік, бұдан бұрын «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Өмірзақ Шөкеев КEGOC компаниясының «Халықтық IPO»-ға шығуына еш кедергі болмауы керектігін айтқан. Акциялар пакетінің 10 пайызын құнды қағаздар нарығына шығарар алдында КEGOC компаниясы толықтай жаңартудан өткен. Акцияларды қарапайым халықтың «Қазпоштаға» өтініш беру арқылы алуға мүмкіндігі бар. «Халықтық IPO»ға сондай-ақ брокерлер мен Бірыңғай ұлттық зейнетақы қоры қатысады. Соңғылары акцияларды жиналған зейнетақы қаражатына алуды жоспарлап отыр.

Бақытжан Қажиев, КEGOC АҚ басқарма төрағасы:

Акциялардың әділ бағасын бекіту алдында, біз тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгініп, оларды компания қызметінің қорытындыларымен таныстырдық. Сарапшылар бағаны анықтау бойынша өз ұсыныстарын айтты. Осылайша бір акция бағасы 505 теңге болып бекітілді.

Жұрағат БАМАН